"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы басшылық құрамдағы өзгерістер туралы хабарлады. 26 қарашада сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Massaget.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сағындықовтың өтініші негізінде және корпоративтік рәсімдерге сәйкес "Қазатомөнеркәсіп" директорлар кеңесі оның компания басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.
"Қазатомөнеркәсіп" өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр, ал міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес аталған позицияның функционалдық міндеттемелері компания басшылығы арасында қайта бөлініп, атқарылатын болады", - деп хабарлады компания.
Еске сала кетейік, 25 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы екі топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны туралы хабарлаған еді. Коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған-ды.
Кейін ҰҚК Қуаныш Омарбеков пен басқа да тұлғалар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Ұстау туралы жаңалықтан кейін "Қазатомөнеркәсіп" мәлімдеме жасады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!