“Қазатомөнеркәсіп“ топ-менеджері ұсталғаннан кейін ресми мәлімдеме жасады

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы басқарма мүшесі – өндіріс жөніндегі бас директор қызметін атқарған Қуаныш Омарбековке қатысты тергеуге байланысты мәлімдеме жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Компанияның хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты негізінде Омарбеков пен басқа да адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықтимал қатысына байланысты тергеу іс-шаралары басталған.

"Қазатомөнеркәсіп" құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеуге көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. Компания заңнама талаптарына сәйкес тергеу кезеңінде қосымша түсініктеме бере алмайтынын атап өтті.

Ұлттық компания жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр. Мәлімдемеде 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалуы расталып, даму стратегиясының өзгермейтіні айтылған. Стратегиялық міндеттер бекітілген жоспарларға сай жүзеге асырыла береді.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті  "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғалардың ұсталғанын растаған еді.