АҚШ-та Олжас Қалдыбайға қарулы топ шабуыл жасап, қазақстандықтың олармен төбелескен видеосы таралған еді. Ол өзін тонамақ болған үш жігіттің қаруын тартып алған еді. Мassaget.kz порталының тілшісі Олжас Қалдыбаймен хабарласып, сұхбаттасқан болатын. Олжастың оқиғасын толық мына жерден оқи аласыздар.
Бұл күнде Олжас тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ-та да танымал. Оған хат жазатындар көбейген. Қазақ жігітімен тағы да хабарласып, қазіргі өмірінде нендей жаңалық болып жатқанын сұрадық.
Кинодағыдай жұмыс істесеңдерші
"Қазір күтіп жатырмын. Полиция келді. Оларға бұл жігіттердің маған шабуыл жасалған аумақта тұрады-ау деген күдігімді айттым. Бірнеше сурет көрсетті. Екеуі бетперде кигендіктен тани алмадым. Ал мен ұстап алып, видеоға түсірген жігіттің ешқандай құжаттары жоқ, еш жерге тіркелмеген деп отыр. Полицияға "тапаншада саусақ іздері қалады ғой. Голливуд фильмдерінде қылмыскерлерді ізін суытпай табасыңдар, кинодағыдай жұмыс істесеңдерші" деп айттым", - дейді ол.
"Кап-карашкаларды" көрсем сескеніп қаламын
Олжас бізге берген сұхбатында тонаушылардың алып кеткен құжаттары арасында мекенжайы жазылулы екенін, сондықтан кек алуға іздеп келе ме деп қауіптенетінін айтқан болатын.
"Мекенжайымды ауыстырған жоқпын. Бірақ көшеге шыққанда сақ жүрмін. "Кап-карашкаларды" көрсем сескеніп қаламын. Солар емес пе деп қауіптенемін. Қазір сабақ күнде емес. Кейбір күндері бір-екі күн сабаққа бармай қаламын.
Олжас мамыр соңына дейін АҚШ-та оқиды.
"Айдың соңында Еуропаға қайтамын. АҚШ-та қазір практика сабағын өтіп жатырмын. Енді Еуропада теория жағынан жылдың соңына дейін оқимын. Кейін Қазақстанда әуе саласында жұмыс істеймін", - дейді ол.
Қазақтың Борат емес екенін, қандай халық екенін танытқым келді
Олжастың өзін тонаймын деген үш жігітті ұрып, қаруларын тартып алғаны жергілікті БАҚ өкілдерінің де назарын аударған. Отандасымыздан белгілі NBC телеканалы сұхбат алған.
"NBC телеканалы хабарласты. Басында сұхбат бермеймін деп ойладым. Себебі "кап-карашкалардың" ағалары бар ғой. Олар жалпы көп ағайынды болады емес пе? Солар көріп қалып, ашуын тудырамын ба деген де ой болды. Бірақ кейін баруға шешім қабылдадым. Қазақтың Борат емес екенін, шын мәнінде қандай халық екенін танытқым, айтқым келді. Тәуекелге барып, келістім. Жергілікті БАҚ-та менің бұл әрекетімнен шок. Жүргізуші жігіттің өзі қара нәсілді екен. Мен сөйлеп, болған оқиғаны айтып жатқанда аузын ашып, таңғалып тыңдап тұрды", - дейді Олжас.
Жергілікті полицияның нақты іздеп жатқанына Олжас күмәнмен қарайды.
"Басқалар тәртіп сақшыларының бұл әрекетіне қарап "бұлар әшейін өздерін жұмыс істеген сияқты көрсетіп жатыр. Шын мәнінде, іздеуі қиын. Америкада қылмыс көп. Адам өлімі сияқты негізгі қылмыстарға ғана бел шешіп кіріседі" деген сияқты пікір айтып жатыр. Меніңше, солай сияқты", - дейді ол.
Олжас егер құжаттар табылмаса, оның алдағы жоспарына анау айтқандай кедергі келтірмейтінін айтады.
"Сөмкемнің ішінде ВНЖ деген құжат болған. Бірақ Еуропаға виза алып жатырмын ғой. Егер құжаттар табылмаса сәл кідіруім мүмкін. Бірақ үлгеремін деп отырмын", - дейді ол.
Осы оқиғадан соң Американың танымал адамдары "жарайсың, қазақ" деп жазып жатыр
Аталмыш оқиғадан соң Олжас әлеуметтік желіде танымал бола бастаған. Оған хат жазатын адам саны көбейген.
"Осы оқиғадан соң instagram-дағы оқырмандарым саны 20 мыңға өсті. АҚШ-тағы, еліміздегі 3-4 миллион оқырманы бар танымал әншілер мен блогерлер жазылды. Америкадағы белгілі адамдар жекеме шығып "жарайсың, қазақ" деп ризашылығын білдіріп жатыр. Белгілі кәсіпкер Шаекин Руслан (суретте) іздеп келді. Сол жағы адамның көңіліне шуақ сыйлайды екен", - дейді Олжас.
Атам елге белгілі ақын
Олжас өзін Қаныбек деген нағашы атасына тартқанын айтады. Оның атасы елімізге белгілі ақын болған.
"Қазақта "жігіттің жақсысы нағашыдан" деген сөз бар емес пе? Мені көргендер атаңнан аумай қалыпсың деп жатады. Атам елімізге белгілі ақын еді. Танымал ақын Бекарыс Шойбектің ұстазы. Атамның өлеңдерін оқып жүремін. Ылғи оқыған сайын денем тітіркеніп, қуат аламын", - дейді ол.
Олжас Қалдыбай болашақта біздің редакциямен байланыста болып, жаңалықтар болып жатса хабарлауға уәде берді.