Алматыда SWISS әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонғаннан кейін екінші ұшқыш ауруханаға жатқызылды. Әуе кемесі оның денсаулығы нашарлауына байланысты қонуға мәжбүр болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі мәліметінше, 6 мамырда сағат 12:48-де әуе айлағына Сеул - Цюрих рейсін орындаған Airbus A350 ұшағы қонған.
Шұғыл қонуға екінші ұшқыштың денсаулығы нашарлауы себеп болған. Алдын ала мәлімет бойынша одан жедел абдоминаль синдром белгілері байқалған.
"Ұшақ қонған сәтте оны әуежайдың медициналық қызметі күтіп алды. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін белгіленген тәртіппен науқасты қалалық жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Ұшқыш №4 қалалық ауруханаға жеткізілді", - деді баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін SWISS әуе компаниясының Airbus A350 ұшағы Қазақстанның үстінен ұшып бара жатқанда апат сигналын берген. Flightradar24 сервисінің мәліметінше, борт Балқаш маңында болып, кейін Алматыға бағытталған.
Бұл - Сеулден Цюрихке бет алған рейс. Ұшуларды бақылау сервисі мәліметінше, ұшақ Squawk 7700 кодын берген. Бұл - экипаждар борттағы штаттан тыс жағдайды білдіру үшін қолданатын халықаралық апат сигналы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!