Танымал журналист Нұрбек Бекбау бастаған қазақстандықтар Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге киіз үй орната бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркияға орнатылатын киіз үйлердің алғашқы легі кеше, 12 ақпанда шықты. Ал Нұрбек Бекбаудың өзі 11 ақпаннан бері Түркияда.
"Ал құрметті бауырларым, аға-әпкелерім: Сіздердің қаражатпен жиналған киіз үйлерді Түркияға апару, құрастыру үшін арнайы тобым ұшаққа отырды. Кіл сайдың тасындай іріктелген! Мен кеше келіп алдым. Бүгін қарсы алып, осы топпен зілзаладан қираған қалалар жанына боз үйлерді тігеміз. Ошақ орнатып, қазанда ас қайнатып, бір туғандарға болысамыз", - деп хабарлаған еді журналист.
Бастапқыда 30 киіз үй жеткізілген. Журналистің сөзінше, тағы 84 киіз үй жеткізілуі қажет.
Ал Астана уақыты бойынша 5 сағат бұрын алғашқы киіз үйлер тігіле бастаған.
Еске салайық, бұған дейін танымал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынған болатын.
Журналистің ұсынысын танымал қазақстандықтар да қолдаған. Оның ішінде әнші Сәкен Майғазиев те бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!