- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандағы ең ...
Қазақстандағы ең ластанған және ең таза қалалар
Астана, Алматы, Талдықорған және Түркістан ауасы ең жоғары деңгейде ластанған қалалардың тізіміне кірді, − деп хабарлайды Igraphickz . Келтірілген мәліметтерге сәйкес, Астана ауасын негізінен күкірт диоксиді ластайды. Ол қоңыр көмір мен мазутты жағатын жылуэлектростанциялар жұмысының күкірті бар мұнай өнімдері мен күкірті бар рудалардан металл алу жұмыстарының нәтижесінде бөлінеді. Ал Алматы қаласының ауасында азот диоксиді бар. Ол өте жоғары температурада отынның жануы мен оттегінің шектен асуынан пайда болады. Азот диоксиді негізінен автомобильден шығатын газ бен ЖЭС қалдығынан, сонымен қатар қатты қалдықтардың және газдың жануынан шығады.
Зерттеу мәліметінше, Талдықорған қаласының ауасында РМ-10 бөлшектері мен күкіртті сутек бар. Олар қазбалы және өзге де отынның жануынан шығады. Күкіртті сутек органикалық заттардың ыдырауынан шығып, коммуналдық-тұрмыстық шаруашылық аңын суларында, металлургиялық, химиялық, целлюлоздық-қағаз, былғары зауыттарында болады. Ал Түркістанның ауасында РМ-10 бөлшектері тіркелген.
Павлодар облысындағы Ақсу қаласының ауасы ең таза болып саналады. Бұл елді мекенде ластаушы концентрациялық заттардың шегі бірде-бір рет бұзылмапты. Инфографикада 2016 жылдың қаңтар айы бойынша зерттеудің нәтижесі көрсетілген.
Сонымен қатар, ауасы қатты ластанған қалалардың тізімі жасалды: Степногорск, Өскемен, Қостанай, Павлодар, Теміртау, Қарағанды және Глубокое ауылы. Ауасы жоғары деңгейде ластанған қалалар: Саран, Тараз, Шымкент, Орал, Петропавл, Жаңатас, Шу, Актөбе, Балхаш, Қаратау, Семей, Жезқазған, Атырау. Ауылдар: Ақай, Қарабалық, Қордай, Январцево және Бейнеу. Ауасының ластану деңгейі төмен қалалар: Ақсу, Риддер, Қызылорда, Жаңаөзен, Екібастұз, Кентау, Рудный, Құлсары, Көкшетау, Ақтау. Ауылдардан: Сарыбұлақ, Төретам, Березовка, "Бурабай" және Щучинск-Боровск курорт аймағы.
Дереккөз: Tengrinews.kz
С. Ерсін