Мәжіліс депутаты Кендебай Адамбек түнде қоғамдық тәртіп бұзылуына қатысты шара қабылдауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, қалалардың орталық көшелерінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған көліктердің жүргізушілері рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады.
"Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар, азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер етеді", - деді ол.
Кендебай Адамбектің пікірінше, олар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалады. Депутат мұның бірнеше себебі бар екенін айтты:
"Мұндай құқықбұзушылық өте сирек тіркеледі. Көп жағдайда азаматтардың шағымынан кейін ғана шара қабылданады. Мәселені шешудің бір жолы - шу деңгейін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кейбір жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады".
Депутаттың айтуынша, қазір түнде тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады, ал мұндай жаза құқықбұзушылықты тоқтатуға жеткілікті болмауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов түн ішінде жұрттың мазасын алатын жолдардағы шектен тыс шуға қатысты тапсырма берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова