“Жұрттың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр“ - Бектенов түн ортасында қатты шу шығаратын жүргізушілер туралы

“Жұрттың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр“ - Бектенов түн ортасында қатты шу шығаратын жүргізушілер туралы
Фото: depositphotos.com

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов түн ішінде жұрттың мазасын алатын жолдардағы шектен тыс шуылға қатысты тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет басшысы, әсіресе, түнгі уақытта қатты шу шығаратын жүргізушілердің әрекетіне назар аударды.

"Ержан Сапарбекұлы, қатты шуылдайтын мото және автокөлік мәселесін неше рет өзіңізбен бірге талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Осыған байланысты қандай іс-шаралар атқарып жатсыздар?" - деп сұрады Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау бағытында тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл істе бейнебақылау камералары сияқты цифрлық шешімдер көмектеседі.

Сонымен қатар, азаматтар 102 нөміріне хабарласып, осындай жайттарды хабарлайды. Жыл басынан бері 782 дерек тіркелген. Барлық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55 адам қамауға алынған. Сондай-ақ, көліктер мен мотоциклдер айыппұл тұрағына қойылады.

Премьер-министр осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget