Қазақстанда темекі тартатын 29-38 жастағылар көбейген - статистика

Қазақстанда темекі тартатын 29-38 жастағылар көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросы деректеріне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросы биыл шілдеде темекі тұтыну бойынша ересек тұрғындар арасында жыл сайынғы кезекті сауалнама жүргізген. Зерттеу республиканың барлық облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізіліпті. Сауалнама сұрақтарына 11 829 отбасының 15 жастан асқан бір мүшесі жауап берген.

Нәтижесінде зерттелген отбасы мүшелерінің жалпы санынан халықтың 19,4 пайызы (2022 жылы 20,4 пайыз) немесе ерлердің 36 пайызы, әйелдердің 8,5 пайызы темекі тартатыны анықталған. Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі 19,6 пайыз, қалалық жерлерде 19,3 пайыз. Темекі тартатын халықтың жалпы санының 92,3 пайызы өнеркәсіпте өндірілген темекіні тартады.

Темекі шегушілердің салдарынан үйлерінде темекі түтінін жұтатын халықтың үлесі - 12,4 пайыз, оның 11,8 пайызы - темекі тартпайтындар. Жұмыс орнында темекі түтіні әсеріне ұшырайтындар үлесі - 7,6 пайыз, оның 7,1 пайызы темекі тартпайтындар. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 12,3 пайызы темекі түтінінің әсеріне ұшыраған, оның 11,6 пайызы - темекі тартпайтындар.

Темекі өнімдерін тұтыну қатерлі ауруларды тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі - 86,7 пайыз, сонымен бірге отбасы мүшелерінің темекі өнімдерін тұтынуына қарсы болған респонденттердің үлесі небәрі 6,8 пайыз. Барлық жерде темекі тартуға толық тыйым салатын заңнамалық бастамалар енгізілуін қолдаған респонденттер 71,8 пайыз болған.

2022 жылмен салыстырғанда, 2023 жылы темекі тартатын респонденттер үлесі 29-38 жас тобы ішінде өсіп, қалған жас топтарында керісінше төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ішімдік пен темекі тағы қымбаттауы мүмкін екені хабарланған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!