Қазақстанда дәрігерлер соққыға жығылса не талап ете алады? Қазақстандық адвокат жауап берді

Жақында Қарағандыда ер адам жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан еді. Кейін ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, күдікті бірнеше күннен кейін ұсталды. Бұл жедел жәрдем қызметкерлері немесе дәрігерлерге жасалған жалғыз шабуыл емес. Осы тұста Massaget.kz тілшісі Қазақстанда дәрігерлердің қандай құқығы бар екенін білу үшін адвокат Альбина Бахтиярқызының көмегіне жүгінді. 

Маманның айтуынша, еліміздегі медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары ҚР 2020 жылы 7 шiлдеде қабылданған Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 270-бабында қарастырылған. 

Бап бойынша медицина саласының қызметкерлері:

  • тиісті жағдайлары жасалуына;
  • біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбегіне ақы төленуіне;
  • еңбегінің ынталандырылуына;
  • кәсіптік бірлестіктер құруға және оларға қатысуға; 
  • кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға; 
  • өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге құқылы.

"Олардың ҚР Еңбек шартына сәйкес құқықтарының сақталуына, қорғалуына құқығы бар. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге де құқықтары бар.

Бұл арнайы субъект - медицина қызметкерлерінің құқықтары. Сондай-ақ, ҚР өзге де заңнамаларында, ең алдымен, Конституцияда көзделген құқықтарға да ие", - деді адвокат.

Фото: elements.envato.com

Сонымен қатар, адвокат Альбина Бахтиярқызы егер науқас өзін емдейтін дәрігердің денсаулығына зиян келтіретін болса, онда келтірілген зиян дәрежесіне байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтың тиісті бабымен жазаланатынын ескертті.

"Ол - қасақана орта (107-бап) не ауыр дәрежедегі (106-бап) денсаулыққа зиян келтіру болуы мүмкін. Денсаулыққа келтірілген зиян дәрежесін сот-медициналық сараптама анықтайды. Сәйкесінше, жауапқа тартылған адамнан емделуге кеткен материалдық шығынды және моральдық зиянды дәрігер талап етуге құқылы", - деді ол.

Оған қоса, адвокат дәрігер науқастың үстінен арыз жазуға толықтай құқылы екенін айтты. 

"Дәрігер науқастың үстінен арыз жазуына толықтай құқылы. Жоғарыда аталғандай тіпті қылмыстық жауаптылық та туындайды. Жеңіл дәрежедегі зиян болса онда әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапқа тартылады", - дейді маман.

Адвокаттың сөзінше, зардап шеккен дәрігер келтірілген залалдың өтемақысын тікелей кәнілі адамнан өндіре алады. Алайда маман ҚР Заңында медициналық қызметкерлерге ғана арналған Қылмыстық кодексте не Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодексте бап жоқ екенін атап өтті.

"Еліміздің заңында тікелей осындай жағдайларда медициналық қызметкерлерге ғана арналған Қылмыстық кодексте не Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодексте бап жоқ. Ол бір жағынан дұрыс, өйткені бұл қоғам емес, дәрігер мен науқас арасында туындайтын жағдай. Ал арнайы мемлекет тарапынан төлемдер қарастырылмаған", - деді Альбина Бахтиярқызы.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамның видеосы телеграм арналардың бірінде тараған болатын. Роликтен ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады. 

Артынша соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімінде жатыр. Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің жағдайы әлі де орташа ауыр.

Оның бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.

Жәбірленуші өзін жайсыз сезінсе де, оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруді жөн көріп, жанжалдың неден шыққаны туралы видео түсірген. Оның сөзінше, бейтаныс ер адамға жедел жәрдем көлігінің көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі алдында тұрғаны ұнамай қалған, бұл жерге дәрігерлер бригадасы шақырту бойынша келген.

"Кәдімгі жұмыс күні болатын. Түнде шамамен сағат 23:57-де 2-квартал, 30 бойынша қоңырау түсті. Біздің фельдшерлер шақырту бойынша жедел жетіп, бір жасар бала ауырып жатқандықтан үйге тез кіріп кетті. 4-5 минуттан кейін аға фельдшер шықты, ол планшетке шақырту бойынша мәліметтерді толтыра бастады. Бірнеше минуттан кейін көлік қатты теңселіп кетті, мен бүйірдегі айнаға қарадым, онда ешкім болмады. Сол жақтан қолында тумбочкасы бар жас жігітті байқадым. Ол боқтап жатыр. Оған мән бермедім, ал ол менің тереземе келіп балағаттай бастады. Мен оған шақырту бойынша келгенімді түсіндіріп көрдім. Ол әрі қарай кетіп қалды", - деді Төреғали Берікқалиұлы.

Алайда бейтаныс адам көп ұзамай қайтып келген. Ол қайтадан боқтық сөздер айта бастаған, содан кейін жүргізуші көліктен түскен, ал фельдшер оқиғаны видеоға түсіре бастаған.

Кейінірек күдікті Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланған еді. Қаладағы барлық сауда нысанына ер адамның суреттері ілінген.

1 ақпанда күдікті ұсталды. Кейінірек оның ұсталған сәті түсірілген видео тарады.

Артынша жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы үндеу жасады. Ол өзін "хайп" ұстап кетті дегендерге жауап берді және өзін ұрған ер адамды сотқа беру ниеті жоқ екенін, кешіруге де дайын екенін айтты.

Тағы да оқи отырыңыздар: Ораза 2024. Ораза кезінде спортпен шұғылдануға бола ма?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз