Қазақстанда 30 мыңнан аса әйел декреттік төлемнен айырылып қалуы мүмкін

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 мыңнан аса әйел декреттік төлемнен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет мәлімдеді. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған әлеуметтік қамсыздандыру реформасын зерттеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, жәрдемақы алу тәртібіндегі өзгерістер декреттік демалысқа дейін жұмыс істемеген әйелдерге қатысты болады.

"1 қаңтардан бастап олар тек отбасы мемлекеттік көмекке мұқтаж болған жағдайда жәрдемақы ала алады. Отбасы мұқтаждар санатына жатпаса, әйел еңбекке қабілетті болса, денсаулығында кінәрат болмаса және отбасының табысы өмір сүруге жеткілікті болса, онда А және В санатындағы азаматтар бұл қолдауды ала алмайды", - деді Ләззат Қожахмет.

Ләззат Қожахметтің айтуынша, босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдерге алаңдаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін кейінгі 24 айдағы орташа айлық табысының 40 пайызын төлей береді. Яғни жұмыс істейтін әйелдер үшін ештеңе өзгермейді.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Ол үшін азаматтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді:

  • А - әл-ауқаттың жоғары деңгейі. Тұрақты табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар.
  • B - ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайы бар отбасылар.
  • C - қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері болуы мүмкін және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар.
  • D - экономикалық жағынан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар отбасылар.
  • E - экономикалық және әлеуметтік жағынан осал деңгей. Қиын жағдайға тап болған отбасылар.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер отбасының материалдық жағдайын бағалау, жәрдемақы тағайындау үшін азаматтардың кіріс-шығысы, депозиті туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне береді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!