2027 жылдан бастап жәрдемақы алу қиындай ма? Үкімет жаңа талаптарды бекітті

2027 жылдан бастап жәрдемақы алу қиындай ма? Үкімет жаңа талаптарды бекітті
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақы тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет жәрдемақының 10 түрінен тұратын тізімді, сондай-ақ, оларды тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау және төлеуді тоқтату шарттарын бекітті. Бұл ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қандай жәрдемақылар жаңа ереже бойынша беріледі?

Бекітілген тізімге мыналар енді:

  • Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы.
  • Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы.
  • Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы.
  • "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған, сондай-ақ, "Батыр ана" атағын алған немесе "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы.
  • Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
  • Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
  • Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
  • Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы.
  • Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, бала асырап алушыларға және қорғаншыларға берілетін жәрдемақы.
  • Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Қаулыда жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау тәртібі бөлек реттелген.

Кімдерге жәрдемақы беруден бас тартылуы мүмкін?

2027 жылдан бастап бекітілген тізімдегі жәрдемақылар мұқтаждық қағидаты бойынша беріледі. Бұл дегеніміз мемлекет отбасының немесе жеке тұлғаның материалдық жағдайын бағалайтынын білдіреді.

Ол үшін азаматтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді:

  • А - әл-ауқаттың жоғары деңгейі. Тұрақты табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар.
  • B - ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайы бар отбасылар.
  • C - қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері болуы мүмкін және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар.
  • D - экономикалық жағынан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар отбасылар.
  • E - экономикалық және әлеуметтік жағынан осал деңгей. Қиын жағдайға тап болған отбасылар.

Қаулыға сәйкес кейбір санаттарды қоспағанда, әлеуметтік әл-ауқаты жоғары (А) және ауқатты (B) деңгейдегі азаматтарға жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлем алу құқығы берілмейді.

Адам қазір жәрдемақы алып жүрсе, бірақ бағалау нәтижесі бойынша осы екі санаттың біріне жатса, төлем тоқтатылуы мүмкін. Бұл ретте ай сайынғы қайта бағалау қарастырылған. Материалдық жағдай өзгеріп, адам C, D немесе E санаттарына өтсе, төлемді қайта бастауға болады.

Жаңа шектеулер кімдерге әсер етпейді?

Қаулыда ерекше жағдайлар ескерілген. Әл-ауқат деңгейін бағалау мынадай жәрдемақыларды тағайындау кезінде қолданылмайды:

  • "Алтын алқа", "Күміс алқамен" және басқа да марапаттармен марапатталған, жасына байланысты зейнетақы алатын көпбалалы аналарға.
  • Мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау кезінде.
  • Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау кезінде.
  • Әлеуметтік кодекстің 190-бабында көрсетілген арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың кейбір санаттарына, соның ішінде кейбір зейнеткерлерге.
  • Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушыларға.

Осылайша, жаңа ережелер осындай төлемдерді алатындардың барлығына бірдей қолданылмайды.

Қандай мәлімет тексеріледі?

Жәрдемақы тағайындау үшін отбасының кәмелетке толған мүшелері және жәрдемақы алушылар жеке деректі жинауға, өңдеуге және тексеруге келісім беруі қажет.

Соның ішінде мемлекет мынадай ақпаратты ала алады:

  • банк шоттары және банк құпиясы саналатын басқа да мәлімет;
  • несиелер бойынша берешек сомалары;
  • ай сайынғы төлемдердің мөлшері;
  • мерзімі өткен және қалған қарыздар.

Бұл мәлімет әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау үшін пайдаланылады. Мұндай келісім болмауы жәрдемақы төлеуді тоқтата тұруға негіз болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget