- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда 1 шілдеден...
Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?
Елімізде шілдеден бастап бірқатар өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі шілдеде қандай өзгерістер болатынына шолу жасап көрді.
Қазақстандықтардың бір бөлігі газды 20 пайыз жеңілдікпен алады
Атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын қазақстандықтар 1 шілдеден бастап газды 20 пайыз жеңілдікпен алады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі өкілі айтты.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап пилоттық жоба аясында Тараз және Орал қалаларындағы атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматтар газды 20 пайыз төмендетілген бағамен алған, ал бұл қатарда 3 мыңнан аса тұтынушы бар. Бұл топтағы тұтынушылар сәуірдегі түбіртектерде газдың жаңа бағасын көре алды.
Биыл 1 шілдеден бастап елдің барлық өңірінде "мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және (немесе) тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар" санатына жататын тұтынушыларда төмендетілген бағамен газ алу мүмкіндігі болады.
Ведомство өкілі газды төмендетілген бағамен алу үшін тұтынушы Egov.kz порталындағы АӘК және тұрғын үй көмегін алушы ретіндегі өзінің мәртебесіне көз жеткізуі қажет екенін айтты.
Қазақстандықтар шілдеде қанша күн демалады?
Аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін биыл шілдеде 20 жұмыс күні және 11 демалыс күн болады. Алты күн жұмыс істейтіндерге 25 жұмыс күні және 6 демалыс күн болады.
Шілдеде қазақстандықтар екі мерекені атап өтеді - Астана күні және Құрбан айт. Биыл Астана күні - 6 шілде, яғни сәрсенбіге келеді. Бұл ретте демалыс күндер басқа күнге ауыстырылмайды. Осылайша, қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында да, алты күндік жұмыс аптасында да бір күн - 6 шілдеде демалады.
Мұсылман күнтізбесі бойынша Құрбан айттың бірінші күні сенбі, 9 шілдеге келеді. Бұл күн демалыс күні болған соң әрі сенбіге түсетіндіктен, басқа күнге ауыстырылмайды.
Алакөлге билеттер қашан сатылады?
Қазақстандық туристер әлі күнге дейін Алакөл жағалауына әуебилеттерін сатып ала алмай жүр. Себебі билеттер сатылымда жоқ. Kaz.tеngritravel.kz мәліметінше, "Жетісу" әуекомпаниясының президенті Қалтай Дөнсебаев тасымалдаушы Үшарал әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарының жалғасуына байланысты сатылымды бастай алмайтынын айтқан.
"1 шілдеге дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау керек, содан кейін пайдалануға қабылдау актісі жасалады, аэродромға авиациялық әкімшілік сертификат береді. Содан кейін әуежай ашылады. Яғни, жөндеу аяқталғанша күтеміз. Жөндеу жұмыстары 1 шілдеде аяқталса және 3 шілдеде барлық рәсімі аяқталса, онда біздің тарапымыздан ешқандай кідіріс болмайды. 5 шілдеде билеттерді сата бастаймыз", - дейді ол.
"Жетісу" әуекомпаниясы Талдықорған-Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша жергілікті бюджеттен субсидияланатын рейстерді орындайды. Бір бағытқа арналған билет құны - 8 000 теңге.
Шілдеде жауын шашын жиі жауа ма?
Қазгидромет шілдеге арналған құрғақшылық бойынша алдын ала болжамды шығарды. Статистикалық болжамға сәйкес, Ақтөбе облысының Әйтеке би, Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандарында жауын шашын жаумауы мүмкін. Алматы облысының Кербұлақ ауданында және Қонаев қаласында орташа ылғалды жағдай болжанып отыр. Шілдедегі құрғақшылық болжамы айдың бірінші онкүндігінде нақтыланады.
Туристер Венецияға сапарды 1 шілдеден бастап брондай алады
Венецияға бару үшін 2022 жылғы 1 шілдеден бастап арнайы сайтта немесе мобильді қосымшада алдын ала тіркелу қажет. Осылайша, турист QR-код алады. Kaz.tengritravel.kz мәліметінше, әзірге бұл шара тәжірибе ретінде жүзеге асады екен, бірақ қаңтардан бастап брондау міндеттеледі.
Жаңа әуе рейсі ашылады
Ақтөбе - Баку - Ақтөбе және Нұр-Сұлтан - Баку - Нұр-Сұлтан жаңа бағыттары бойынша тұрақты рейстер 7 шілдеден басталады. Рейстерді Qazaq Air әуекомпаниясы De-Havilland Dash 8-Q400 әуекемесі арқылы жүзеге асырады. Жол жүру уақыты 2 сағат болады. Аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбіде рейстер орындалады. Бір бағытқа арналған билет құны 57 мың теңгеден басталады.
Ұлттық төлем жүйесі іске қосылады
Қазақстанда 1 шілдеден бастап ұлттық төлем жүйесі іске қосылады. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов төлем карталарының банкаралық және жедел төлем жүйесі іске қосылғанын мәлімдеген еді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2021 жылғы қарашада Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің құрамдас бөліктері - карталық операцияларды өңдеуге арналған банкаралық төлем карталары жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсетуге арналған жедел төлем жүйесін пилоттық режимде іске қосты.
Ұлттық төлем жүйесі жұмыс істеуі үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді, ол 1 шілдеге дейін толық іске қосылады деп жоспарланып отыр", - деген еді Пірматов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қазақстанда жанар-жағармай мен газ бағасы өсе ме?
"Алматы" телеарнасының мәліметінше, мұнай сервистік компаниялар одағы 1 шілдеден бастап жанар-жағармай мен көгілдір отынның мемлекет белгілеген шекті бағасы жойылуы мүмкін екенін айтқан.
Қаңтарда Мемлекет басшысы үкіметке мұнай-газ саласындағы жұмысты жолға қойып, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізуді тапсырған болатын.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздің ішкі нарығы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Сұраныс жоғары болғандықтан, АИ-92 бензинінің бағасы сол күйінде қалуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе әлі талқыланып жатыр.
"Мемлекет басшысы тапсырма бергелі 6 ай уақыт өтті. Жанар-жағармай, оның ішінде АИ-92, АИ-93, сосын дизель бағасын әрі қарай жалғастыру мәселесін қарастырып жатырмыз", - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, 1 шілдеге дейін АИ-80 маркалы бензин - 89 теңге, АИ-92 мен АИ-93 маркалы бензин - 182 теңге, ал, АИ-95 маркалы бензин 215 теңгеден сатылуы керек деп бектілген болатын. Президент осы бағаларды өсірген кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту керегін де айтқан еді.
Еске салайық, бұған дейін қай өңірлерде бензин қымбаттайтыны хабарланған болатын.
Қандай лимит бекітілді?
Қазақстанда 2022 жылғы 1 шілдеден бастап аң аулау кезінде жануарларды атуға арналған лимит бекітілді. Бұл өзгеріс экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 10 маусымдағы бұйрығы бойынша бекітілген. Әр өңірдің өзінің аң аулауға лимиті бар. Бұйрық әлі күшіне енбеген.
Шілденің алғашқы күндерінде ауа райы қандай болады?
Синоптиктер 30 маусым мен 2 шілде аралығында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық ағын өтуіне байланысты Қазақстанда күн күркіреп, жаңбыр жауады.
"1 шілдеде шығыста, 2 шілдеде республиканың батысында қатты жаңбыр жауады, сондай-ақ, бұршақ, дауыл, жел күшейеді. Солтүстік-батыс антициклонның сілеміне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді, сонымен қатар, салқын ауа райы болажанады", - делінген хабарламада.
Көлік жүргізушілеріне қатысты қандай өзгеріс болуы мүмкін?
Жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты шілденің ортасынан бастап ұялы телефоннан көрсетуге болады. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының материалында айтылған.
Сенат цифрлық және қағаз құжаттардың баламасы туралы заң қабылдаған. Құжат 9 кодексті қоса алғанда, 60 заңнамалық актіні түзетуді, оның ішінде цифрлық құжаттар сервисін қолдану аясын кеңейтуді көздейді.
Ж. Қадыржанова