Қай өңірлерде бензин қымбаттайды?

Қай өңірлерде бензин қымбаттайды?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге қатысты шекті бағаларды өзгерту туралы жоба дайындады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын мына деңгейде белгілеу жоспарланып отыр:

- Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында - литріне 187 теңге;

- Барлық басқа облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда литріне 182 теңге.

Бүгінде бұл бензиннің шекті бағасы - еліміздің барлық өңірінде 182 теңге.

Министрлік мәліметінше, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бөлшек сатушыларға алыс өңірлерге тасымалдауда логистикалық шығын артуына байланысты шекті бағаны 5 теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Мұндай баға 180 күн ішінде қойылады.

Сонымен қатар, жаңа қосылған облыстарда дизель отыны бағасы (жазғы, маусымаралық) өзгеріссіз қалады.

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, Абай облысында бір литрдің бағасы - 260 теңге.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сонымен қатар, Жетісу, Ұлытау облыстарында литріне - 230 теңге.

Ж. Қадыржанова