Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде 2 мың тонна дизель отынын бөлді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қырғызстанға Бішкек ЖЭО-дағы апатын жою бойынша қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен дизель отыны түріндегі 2 000 тонна гуманитарлық жүк бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

28 ақпанда "Резерв" РМК "Заря" филиалынан 1 000 тонна дизель отынының бірінші партиясы 17 вагон-цистернамен жөнелтілді.

"Гуманитарлық жүк Қырғызстан Энергетика министрлігінің өкілдеріне беріледі", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 2 ақпанға қараған түні Бішкек жылу электр орталығында апат болды - қазандықтардың бірі жарылған еді, салдарынан бес адам зардап шекті, төртеуі ауруханаға жеткізілді. Бұл сәт видеоға түсіп қалған.

Адамдар күйіп қалған, екеуі ауыр халде. Тағы бір адам уланған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз