- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан бірыңғай уақыт...
Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты
Бүгін, 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауыcты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні, сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжыды. Осылайша, еліміздің барлық өңірі UTC+5 уақыт белдеуіне ауысты.
15 өңірдегі тұрғындардың барлық гаджетіндегі уақыт автомат түрде бір сағатқа кері шегерілді.
Айта кетейік, 2023 жылы желтоқсан басында үкімет қаулысының жобасы талқылауға шығарылған еді. Ал 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының біртұтас уақытқа көшуге наразы болды. Кейбірі сағат артқа жылжыса, Алматы мен Орталық Қазақстанда, ШҚО-да қазақстандықтар "күндіз ұйықтап, жарты күнін қараңғыда өткізеді" деп жазды. Кейбір қолданушылар "Қазақстан аумағы үшін бір уақыт белдеуі аздық етеді, кемінде үш уақыт белдеуі болуы керек" екенін айтты.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл уақыт мәселесі Қостанай облысы үшін өте өзекті екенін айтты.
"Елімізде Шығыс Қазақстан облысы болмаса, қалғандарында уақытпен айырмашылықтары бар. Қостанайдың кейбір аудандарында 2 сағатқа жақын айырма бар. Сондықтан бұл мәселе менің сайлаушыларымның аманаты десе болады. Жалпы сағаттық белдеу көптеген салаға әсер етеді. Мен уақыттың Астанамен әртүрлі белдеуде болғанына қарсымын. Бұл - экономикалық және басқару жүйесіндегі мәселе. Бірақ осы мәселе бойынша медицинада зерттеу соңғы 10 жылда болып жатыр. 2017 жылы осы тақырыпты зерттеген бір топ ғалым Нобель сыйлығын алған соң (тәуліктік ритмдердің зерттеуі туралы - еск.) бүкіл әлем осыған баса назар аудара бастады. Бұл бізге де келіп жетті. Мұны ғылымның жаңа саласы деп айтуға болады. Оның ішінде АҚШ пен Еуропада зерттеулер жасалып жатыр. Бұрын біз бірыңғай белдеуде болдық, алайда кейін 30 жылда уақытпен ойнап, ақыры Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып отырмыз ", - деді депутат.
Сондай-ақ, Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев Қазақстанда неге уақытты 1 сағатқа шегеру керегін былай түсіндірді.
"Ел аумағында 4 сағаттық белдеуді қамтығанымен, ең шығыс шекарадан ең батыс шекараға дейін бойлық координаттары айырмасы 400451 болады, уақыт өлшемімен ол - 2 сағат 43 минут. Ең шеткі облыс орталығы Өскемен мен Атырау арасында күннің атуы бар-жоғы - 2 сағат 09 минут. 1956 жылы төрт сағаттық белдеуді екеуге біріктіруге де осы негіз болған шығар. Алайда бастан электр қуатын үнемдеу үшін деп енгізілген декреттік (үнемі "жазғы" уақыт - еск.) +1 сағатты әлі күнге неге қолданатынымыз түсініксіз. Ешбір елде "жазғы" уақыт қолданудан энергия үнемделетіні ғылыми түрде дәлелденбеген. Энергетика министрлігі де ешқандай энергия үнемі жоғын ресми түрде растап отыр. Сондықтан ел аумағында уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажет", - дейді Болат Нұрқожаев.
Денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкес келтіру қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етеді деп санайды.
"Ел халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайды. Сарапшылар тобы, профессор-физиологтар бұл мәселені жыл бойы зерттеді. Дененің физиологиясы мен қызметі, гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан біз UTC+5 уақыт белдеуіне ауыса отырып, денеміздің биологиялық сағатына сәйкес оянып, ұйықтаймыз деген пікірді ұстанамыз", - деді ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.
Айта кетейік, бұған дейін биология ғылымдарының кандидаты, физиолог-ғалым Асқар Қалекешов бірыңғай уақыт белдеуіне ауысудың ең басты пайдасын айтқан еді.
"Бұл шешіммен біз ұйқы процесінің бұзылуының алдын аламыз. Бұл бір күнде, бір айда нәтиже бермейді. 10-20 жылдың ішінде өзінің нәтижесін көрсетеді. Ал қазір бұл мәселені реттемесек болашақта біздің ұрпағымыздың денсаулығының бұзылуы көптеген қайғылы жағдайға алып келеді", - деді ол.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы намаз уақытына қатысты мәлімдеме жасады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан өңірлерінде бірыңғай сағат белдеуіне көшу фонында мектепте сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін екенін айтты.
"Оқу уақытына келсек, бұл жерде, әрине, қажет болған жағдайда сабақтың басталу уақытын қайта қарауға әкімдіктерге мүмкіндік береміз, ешқандай кедергі жоқ. Мысалы, 8:00-де сабақ басталатын мектептер сағат 8:30-да бастай алады және т.б. Мұнда әрбір ұйым мен әкімдікте дербес шешім қабылдауға болады", - деді Бейсембаев үкімет брифингінде.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшкенімен кәсіпкерлерге айтарлықтай шығын келмейтінін мәлімдеді.
"Біз бизнесте айтарлықтай шығын болады деп ойламаймыз. Керісінше тұтынушыларда қандай да бір қолайсыздық туындаса, ол уақытша болады. (Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу – еск.) кең байтақ елімізде жұмыс уақытының бір уақытта басталуына мүмкіндік беріп, бизнес ұзақ мерзімді оң нәтижеге ие болады. Мемлекеттік қызметтерді алуға байланысты барлық рәсім бір уақытта басталып, аяқталады. Менің ойымша, бұл белгілі бір деңгейде бизнеске оң әсерін тигізеді", - деді Тимур Жақсылықов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан