Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов байланысқа ұлттық киіммен шықты

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов байланысқа ұлттық киіммен шықты
Фото: khabar.kz

Халықаралық ғарыш бекетінде (ХҒС) тәжірибе жүргізіп жатқан қазақтың үшінші ғарышкері ұлттық нақыштағы киімде байланысқа шықты. Суреттен қалпақты қолына ұстап алғанын көреміз. Айымбетов оны артындағы әріптестерін жауып қалмас үшін кимеді.

ХҒС-нің 9 ғарышкері кеше сағат 20:00-де басталған баспасөз мәслихатына қатысты. Қашықтықтан өткізілген конференция америкалық спутниктердің көмегімен ұйымдастырылып, 45 минутқа созылды. Уақыттың тығыздығына байланысты NASA (АҚШ), JAXA (Жапония), ESA (Еуропа), Роскосмос (Ресей) және Қазақстан ғарышкерілеріне жеке-жеке 10 минуттан уақыт бөлінді.

«Салмақсыздықта болу  қайталанбас сезім. Менің арманым орындалды. Жер орбитасында жұмыс істеп жатырмын. ХҒБ құрамы швейцар сағаттары сынды тығыз кестемен жұмыс істейді екен. Мен де соларға үйренісіп келемін. Жерге оралғаннан кейін Қазғарыш агенттігінде жұмыс істеуді жалғастырамын», — дейді қазақ ғарышкері. Тілшілердің сұрақтарына жауап берген Айымбетов ғарыштағы әріптестеріне қазақтың ірімшігі мен құрты ұнағанын жасырмады.

Айта кетсек, жоспар бойынша Айдын Айымбетов, даниялық Андреас Могенсен және орыс Геннадий Падалка 12 қыркүйекте Жерге қайтып оралатын болады. 

Ж. Өрісбай