Қай университеттерде жатақханада көп орын жетпейтіні белгілі болды

Қай университеттерде жатақханада көп орын жетпейтіні белгілі болды
Фото: elements.envato.com

Жыл сайын жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесі ушығады. Биылға дайындық қалай? Massaget.kz тілшісі министрлікке ресми сауал жолдап, жағдайды анықтауға тырысты.

  • Биыл қай ЖОО-ларда жатақхана мәселесі күрделі?

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, қазір 104 жоғары оқу орнында 93 367 орындық 264 жатақхана бар.

Ресми жауапқа сүйенсек, 1 қаңтардағы жағдай бойынша жатақханаларда 19 174 орын жетпейді.

"Жатақханалардағы ең үлкен орын тапшылығы - Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 7 420 төсек-орын, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 2 500, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1 220, Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 3 893, Астана медицина университетінде 2 500 орын", - деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.

gov.kz

  • Хостел мәселесі кімнің қарауында?

Министрлік бүгінде жоғары оқу орындары жалға алынатын жатақхана (хостел - еск.) иелерімен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Хостелдерде тек студенттер тұруы, дабыл түймелері жұмыс істеуі, камералар болуы қажет. Сондай-ақ, қауіпсіздік, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар қатаң
сақталуы керек.

depositphotos.com

Былтыр редакцияға жүгінген оқырмандар хостелдер алыс, қауіпті жерлерде орналасқанын айтқан еді. Министрлік бұл сауалға жауап ретінде келісімшарт жоғары оқу орындары және хостел иелері арасында жасалатынын, жоғарыда айтылған талапқа сай болуы қажет екенін мәлімдеді.

Massaget.kz студенттер қандай хостелге орналасқаны туралы мәселені алдағы уақытта да бақылайды.

  • Қанша жатақхана оқу жылына дайын емес?

1 маусымдағы жағдай бойынша 14 жоғары оқу орнына қарасты 18 жатақханада күрделі жөндеу, 63 жоғары оқу орнына қарасты 175 жатақханада жалпы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоғары оқу орындары 15 тамызға дейін барлық жөндеу жұмысын бітіру жоспарланғанын мәлімдеді.

Жуырда Үкімет басшысы Олжас Бектенов колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығы өзекті мәселе екенін айтты.

"Сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауы керек. Өңір әкімдері, оқу-ағарту және ғылым және жоғары білім министрлеріне барлық айтылған мәселені жеке бақылауға алу тапсырылды. Барлық білім беру нысаны оқу жылының басталуына 100 пайыз дайын болуға тиіс", - деді Бектенов.

Еске салайық, былтыр 30 қарашада Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Кейінірек хостелден шыққан өрт салдарынан 13 адам қаза тапқаны, үш адам ауруханаға түскені белгілі болды. Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова