Жаңа жылдық дастарханда әдетте әртүрлі тағамдар болады. Диетолог Алексей Кабанов қандай тағамдарды бір уақытта жеуге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter" порталына сілтеме жасап.
Құрамында ақуызы мол екі немесе одан да көп өнім
"Біз кез келген етті көп мөлшерде қолданамыз. Сол үшін жүрек-қан тамырлар аурулары, семіздік және диабеттің даму қаупі артады. Дастарханда еттің бірнеше түрінен дайындалған салат тұрса, бұл ағзаға ауыртпалық түсіреді", - дейді диетолог.
Оған қоса, мұндай ет жинағын қорыту қиын. Сондықтан маман еттің бір түрінен ғана салат жасауды ұсынды және жалпы жаңа жылдық мереке кезінде рационыңызды етті өнімдермен толтырмауға тырысу керегін айтты.
Бұл тек салаттарға қатысты емес. Мысалы, етті тағам мен теңіз өнімдерінің үйлесімінен аулақ болыңыз. Мұндай үйлесім қорытуға көп уақытты қажет етеді және асқазан бұзылысына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ақуыздың өңделуін жемістер қатты баяулатады. Сондықтан маман етті тағамдар мен жемістердің арасына біраз уақыт салуға кеңес береді.
Алкоголь және тәттілер
"Көп адам алкогольді тәтті газдалған сусындармен ішуді жөн көреді. Мұндай үйлесім – бауырыңыз үшін қауіпті және ол диабет қаупін арттырады. Алкоголь ағзаға зиян және олардың құрамында қант өте көп", - дейді Алексей Кабанов.
Егер Жаңа жылда алкоголь ішемін деп шешсеңіз, тәтті сусындардан бас тартыңыз. Оған қоса, алкогольмен бірге кәмпит, торт және басқа да тәттілер жеудің қажеті жоқ. Бұл бауыр мен ұйқы безіне күш түсіріп қана қоймай, ертеңгісін мастық салдарының ауыр білінуіне әкеледі.
Бір кеште үш немесе одан да көп тағамдарды араластырып жеу
"Бұл жерде нені қандай тағаммен жегеніңіз маңызды емес. Басты проблема – бір кеште үш немесе одан да көп тағам жеу. Бұл асқазанға үлкен күш түсіреді. Сондықтан әр тағамның дәмін көрмей, не жейтініңізді алдын ала жоспарлаңыз", - деді маман.