Майлы тамақты көп жеп қойсаңыз...

Майлы тамақты көп жеп қойсаңыз...
Фото: crello.com

Денсаулығымызға қаншалықты ойласақ та, кейде қызығып, тәттілерді, қуырылған картопты, бургерді немесе майлы әрі ауыр тағамды артық жеп қоятын кездер болады. Мұндай өнімдер қаныққан майларға бай болғандықтан ағзаға жағымсыз әсер береді. Ендеше, майлы және ауыр тамақты көп жеп қойған кезде не істеу керек?  

Артық тамақтанудан соң өзіңізді қайтадан жеңіл сезінудің жалғыз әдісі — күту. Ағза ауыр өнімді қорытуы керек, ол үшін оған көп уақыт керек. Алайда осы қорытылу процесі жеңіл өтуі үшін кей ережелерді сақтаған жөн.

Жылы су ішіңіз
Майлы тамақтан соң жылы су ішу асқорыту жүйесін қарқындатады. Ол денемізге қоректік заттарды ұсақтауға және жұмсақ түрлерге белсенді бөлуге көмектеседі. Егер майлы тамақтан соң су ішпесеңіз, аш ішек оны тамақтан ала бастайды. Ал ол асқорытуға зиян: ол сусыздануға және дәрет проблемаларына әкелуі мүмкін.

Серуендеу
Майлы тамақтан соң 30 минуттай жүру асқорытуды жақсартады. Бұл асқазанның тамақты жақсы өңдеуіне және оны дұрыс сіңіруіне мүмкіндік береді. Мұндай ауыр тамақтан кейін асықпай серуендеңіз. Жүгірудің немесе жаттығу жасаудың қажеті жоқ, себебі ол, керісінше, ағзаға зиянын келтіруі мүмкін. Майлы тамақтан соң ұйқыңыз келуі мүмкін, бірақ мұндай ауыр тамақтан кейін бірден ұйықтауға болмайды.

Келесі жейтін тамағыңызды жоспарлаңыз
Майлы тамақтан соң күні бойы кез келген тамақтан бас тартудың қажеті жоқ. Оның орнына келесі жейтін тамағыңызды жоспарлаңыз. Оның барынша дәрумендер мен минералдарға толы жеңіл тамақ болуын қадағалаңыз. Жағдайды ушықтырмас үшін және асқазан-ішек жолына зиян келтірмес үшін калориялы тамақтан бас тартыңыз. Мұндай кезде буға немесе пешке піскен көкөністер жеген пайдалы.

Пробиотиктер ішу
Кейде дұрыс емес әрі майлы тамақты ұзақ уақыт бойы жейтін де кездер болады. Әдетте, мереке күндері немесе үйге қонақ келгеннен кейін күнде сондай тамақ жеп кетуіңіз мүмкін. Мұндай кезде уақытылы пробиотиктер ішу арқылы ішектер денсаулығын қатайтқан дұрыс. Мысалы, бір кесе сүзбе немесе йогурт ағзаны майлы тамақпен күресуде қолдай алады. Сондай-ақ дәріханалардан арнайы пробиотиктер сатып алуға болады.

Суық азық-түлік жемеңіз
Майлы тамақтан соң балмұздақ секілді суық тіскебасар жеу бауыр, асқазан және ішектерге кері әсер етеді. Майлы тамақ нашар сіңеді, ал суық тамақ астың қорытылуын қиындатады: жиі іштің кебуіне әкеледі. Сондықтан да майлы және суық тамақты араластырмаған жөн.

А. Жапатова