Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай өзіне пластик сантехникалық құбырлардан велосипед жасап алған баламен кездесіп, сыйлықтар мен өзінің батасын берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде өзіне сантехникалық заттардан велосипед жасап алған баланың видеосы тарады. Видеодағы Өркен есімді баланың әкесімен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасқан болатын.
Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай өзінің инстаграм-парақшасында Өркенмен кездескенін жазды.
"Пластик сантехникалық құбырлардан өзіне велосипед жасап алған бала естеріңізде шығар? Мен ол баланы таптым. Аты - Өркен. Ол әкесі Ерік және әкесінің інісі Мақсатпен бірге келді. Олар жақында Қызылорда облысындағы Шиелі ауылынан Астанаға көшіп келген екен. Біз бірге түскі ас ішіп, жақсы әңгімелестік. Маған Өркеннің өзі де, отбасы да қатты ұнады. Мен оған пайдалы болатын 2 сыйлық сыйладым: Ұлыбританиядағы тіл курстарында оқу және электровелосипед", - деп жазды ол.
Кәсіпкер өнертапқыш балаға берген сыйлықтарының мәнін түсіндіріп берді.
"Мен Өркенге қазіргі заманда ағылшын тілін білу, басқа елдерге бару, оларды зерттеу, басқа елдердің адамдарымен танысу неліктен маңызды екенін айтып бердім. Сондықтан да мен оған Ұлыбританияда ағылшын тілін оқу курсын сыйладым.
Ал электровелосипед сыйлап жатып, мен оған жаңа технологиялар жайлы хабардар болып отырудың және қазір технология белсенді дамып жатқан электромобильдер, робот жасау сияқты салаларға қызығып, зерттеудің маңыздылығын айтып түсіндірдім. Өркеннің осы тақырыптарға қызғушылығын ояту үшін, осы электровелосипедті өзі зерттеп бастауы үшін мен оған электровелосипед сыйладым", - дейді ол.
Марғұлан Сейсембай Өркенге батасын берді.
"Мен Өркенге мидың өзінің барлық армандарын шындыққа айналдыра алатын ерекше орган екенін айтып жеткізуге тырыстым. Оның бойындағы креатив пен табысқа жету талпынысы арасында тікелей байланыс орнағанын қаладым.
Идеяда бастысы оның масштабы емес, бірегейлігі екенін көрсеттім. Оның кішкентай ғана креативті идеясы менің оны іздеуіме себепші болғанына назар аудардым. Идеялар осындай мықты күшке ие!
Оған қазақтың Илон Маскы бол деп батамды бердім және оның болашағын қадағалап отырамын деп уәде бердім", - деп жазды кәсіпкер.
Желі қолданушылары кәсіпкердің әрекетіне тәнті болды.
"Әр миллионер бір баладан осылай білімге жетелесе қандай керемет", "Ерім деген елі болмаса, елім деген ер қайдан шығады? Таудай талабы бар балаға қолдау көрсеткеніңіз үшін мың алғыс", "Марғұлан аға, балаға шабыт сыйлап, мүмкіндіктерін көрсеткеніңіз қандай мықты", "Бұл бала кіммен кездескенін түсінбей тұрған сияқты", - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!