"Өзіне пластикалық құбырлардан велосипед жасап алған". Астаналық өнертапқыш баланың әкесімен сұхбат
Желіде өзіне пластикалық құбырлардан велосипед жасап алған баланың видеосы тарады. Massaget.kz тілшісі өнертапқыш баланың әкесін тауып, сұхбаттасты.
Әлеуметтік желіде өзіне сантехникалық заттардан велосипед жасап алған баланың видеосы тарады.
"Өзім жасадым. Мұнда елулік, қырықтық, отыз екілік, жиырма бестік және жиырмалық құбырлар бар", - дейді бала видеода.
Желі қолданушылары баланың тапқырлығына таңғалды. Олар бұл бала "велосипед ойлап табудың қажеті жоқ" деген танымал сөз тіркесін жоққа шығарғанын жарыса жазды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желіде тарап кеткен видеодағы өнертапқыш баланың есімі - Өркен. Оның жасы 13-те. Ол отбасымен бірге Астана қаласында тұрады. Өнертапқыш баланың әкесі - Нұрмағанбетов Ерік Өркеннің шеберлігі кішкентайынан байқалғанын айтты.
"Өркеннің кішкентайынан бірдеңе құрастыруға қызығушылығы бар екенін байқадық. Бала ойыншық ойнаған жоқ, ол балға, бұрағыш секілді құрылыс құралдарын ұстап жүретін. Ойыншықтардың ішінен тек лего ойнайтын. Бала кезінен бірдеңелер құрастыратын. Мысалы, құстарға ұя істейтін", - дейді әкесі.
Нұрмағанбетов Ерік шеберлік қабілет тұқымда бар екенін жасырмады.
"Әкеміз 79 жасқа келді. Ол ағаш ұстасы болды. Өте еңбекқор кісі. Атасы Өркенді кішкентайынан жанында алып жүрді және оған көп нәрсені үйретті. Өркен - атасының ақылын тыңдап өскен бала. Өркеннің қолының шеберлігі атасынан дарыған деп ойлаймын", - дейді Ерік мырза.
Бұған дейін Өркен желдеткіш те жасаған.
"Өркен 2-сыныпта лего құрастырудан конкурсқа қатысты. Ал 5-сыныпта оқып жүргенде қалдық заттардан үстелдің үстінде тұратын кішкентай желдеткіш жасады. Оның суретін бір сайтқа жүктеген болатынбыз. Үнемі солай бірдеңелер құрастырып жүреді", - дейді ол.
Өркен биыл 7-сыныпқа барады.
"Мектептегі үлгерімі орташа. Баламның икемін байқаған адамдар оны робототехникаға беруге кеңес береді, алайда сабақ үлгерімін жақсартып алсын деген оймен әзір бермедік. Таңертең домбыра сабағына, ал түстен кейін мектепке барады", - деді Өркеннің әкесі.
Ерік Нұрмағанбетов баласы велосипедті қалай жасағанын айтып берді.
"Өзіміздің шағын құрылыс дүкеніміз бар. Ол демалыс күндері бізге көмектесуге келіп тұрады. Сол кезде дүкендегі құрылыс заттарымен бірдеңелер жасағанды жақсы көреді. Мысалы, орындық секілді заттар жасайды. Біркүні велосипед жасағым келеді деді. Баланың бетін қайтармай, қажет заттарын әкеліп бердім. Велосипед жасауға қолданған құбыр секілді сантехникалық заттардың бәрі дүкенде бар. Ал велосипедтің орындығын және баллондарын базардан сатып әкелдік", - дейді ол.
Алайда әкесі бала мұндай заттарды жасау кезінде қолын бірнеше рет жаралап алғанын жасырмады. Тіпті, 3-4 жыл бұрын қолын қатты кесіп те алған.
Өнертапқыш бала болашақта архитектор болғысы келеді екен.
"Бала болғасын арманы өзгеріп тұрады. Соңғы кездері архитектор болғысы келетінін айтады", - дейді Ерік Нұрмағанбетов.
Танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне велосипед жасап алған Өркенмен танысқысы келетінін жазған болатын. Ерік мырза Марғұлан Сейсембаевтың көмекшілері хабарласқанын және жақында Алматы қаласында кездесулері мүмкін екенін айтты.
"Баламның видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткеннен кейін блогерлер мен телеканалдар хабарласып жатыр. "Велосипед алып берейік" деп қоңырау шалған да блогерлер болды. Алайда біз жағдайы төмен отбасы емеспіз. Видеоны көрген көпшілік дұрыс түсінбей қалған сияқты. Балам велосипедті жоқтықтан емес, қолдан бірдеңе жасауға қызығушылығы болғандықтан ғана жасады", - деп түсіндірді Ерік Нұрмағанбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова