Мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев қашқын полиция генералы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңызын ескере отырып, істі Бас прокуратура өз бақылауына алды. Іздеу жұмыстарына ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған. Қырғызстанға сұраныс жібердік, енді бірлескен іздестіру шараларын жүргіземіз. Қырғызстандық әріптестеріміздің мәліметінше, Күдебаев оларға жетіп, Манас әуежайы арқылы Ыстамбұлға ұшып кеткен. Олар бұл ақпаратты қазір беріп жатыр. Түркиямен келісіміміз бар, қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Біз барлық ақпаратты бере алмаймыз, адам қашып жүргендіктен, бұл тергеуге зиян тигізуі мүмкін", - деді Өмірәлиев журналистерге.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді.
Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі
Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды.
Кейінірек ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр" деген ақпарат та тараған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!