- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда соққыға жығылған...
Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі 5 миллион теңге талап етті
Қарағандыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевқа қатысты сот басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, іс бұзақылық бабы бойынша қаралып жатыр. Зардап шеккен азамат моральдық және материалдық шығынды өтеуге 5 миллион талап етіп, азаматтық арыз түсірген.
Оқиға қаңтардың аяғында болды. Видео желіге тараған соң, күдікті бой тасалаған. Бірнеше күннен кейін қыстақтан ұсталған соң жүргізуші оны кешіретінін мәлімдеген еді. Күдікті тергеу мен сот кезінде тергеу абақтысында болады.
Зардап шеккен жүргізуші алған жарақаттары ауыр екенін растау үшін қосымша сараптама жүргізуді сұрап отыр. Сонымен қатар, моральдық және материалдық шығын ретінде 5 миллион теңге талап етіп, адвокат та жалдаған.
"Бейнежазбада Нұрболатты кешіремін дегені - оның жеке шаруасы, ол адам ретінде рухани тұрғыда кешірдім дегені. Ал денсаулығына келген залалды өтеу - бөлек әңгіме. Оның мұрнына екінші рет ота жасалады. Яғни соққы өте ауыр болған", - дейді адвокат Бағдат Хасенов.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Видео телеграм арналардың бірінде тараған. Роликте ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады.
Артынша соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Жәбірленушінің бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.
Кейінірек күдікті Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланған еді. Қаладағы барлық сауда нысанына ер адамның суреттері ілінді.
1 ақпанда күдікті ұсталды. Кейінірек оның ұсталған сәті түсірілген видео тарады.
Артынша жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы үндеу жасады. Ол өзін "хайп" ұстап кетті дегендерге жауап берді және өзін ұрған ер адамды сотқа беру ниеті жоқ екенін, кешіруге де дайын екенін айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова