- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда желден ойын...
Қарағандыда желден ойын алаңы балалармен бірге ұшып кеткен: аудан әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды
Ермағанбет Бөлекпаев Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босатуды тапсырды. Кейінгі аптада Қарағандыда қатты жел балалармен бірге ойын алаңын ұшырып кеткен болатын. Салдарынан балалар ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ekaraganda.kz басылымына сілтеме жасап.
Өңір басшысы Қарағанды әкіміне аулаларды абаттандыруға жауапты Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босатуды тапсырды.
"Кейінгі аптада ересектердің немқұрайдығына байланысты екі бала зардап шекті. Мердігерлер тез ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестер бұған көз жұмады. Сондықтан енді ескертумен шектелмеймін", - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат екенін жеткізді.
"Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде учаскені қоршап, ескерту белгілерін қою керек. Мұның ешқайсы балалар жарақат алған аулада жасалмады, осылайша, қайғылы оқиға болды. Ойын алаңдарына қатысты абаттандыру ережелерін қайта қарау керек: жасанды көгалдың орнына мықтырағын қолданған жөн. Біздің мақсатымыз - балалардың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету, бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет", - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске салайық, 19 маусымда Қарағандыда қатты желден бала ойын алаңымен бірге ұшып кеткен болатын. Оқиға Голубые пруды шағынауданындағы №11 үйдің алаңында болған. Видеодан бала қатты жел салдарынан жасыл алаңның астында қалып, ұшып кеткенін көруге болады. Артынша, бір адам келіп, оны алаңның ішінен шығарып алған. Кейінірек бір баланың жағдайы ауыр екені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова