Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бүгін, 1 ақпанда Қарағандада 27 қаңтар күні сағат 00:20 шамасында жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті Дәкебаев Нұрболат Нұрымұлы ұсталды.
Тергеу барысында күдікті бой тасалап, оған іздеу жарияланған еді.
"Қазіргі уақытта Дәкебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Видео телеграм арналардың бірінде тараған болатын. Роликте ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады.
Артынша соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы қазір Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімінде жатыр. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің жағдайы әлі де орташа ауыр.
Оның бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.
Жәбірленуші өзін жайсыз сезінсе де, оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруді жөн көріп, жанжалдың неден шыққаны туралы видео түсірген. Оның сөзінше, бейтаныс ер адамға жедел жәрдем көлігінің көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі алдында тұрғаны ұнамай қалған, бұл жерге дәрігерлер бригадасы шақырту бойынша келген.
"Кәдімгі жұмыс күні болатын. Түнде шамамен сағат 23:57-де 2-квартал, 30 бойынша қоңырау түсті. Біздің фельдшерлер шақырту бойынша жедел жетіп, бір жасар бала ауырып жатқандықтан үйге тез кіріп кетті. 4-5 минуттан кейін аға фельдшер шықты, ол планшетке шақырту бойынша мәліметтерді толтыра бастады. Бірнеше минуттан кейін көлік қатты теңселіп кетті, мен бүйірдегі айнаға қарадым, онда ешкім болмады. Сол жақтан қолында тумбочкасы бар жас жігітті байқадым. Ол боқтап жатыр. Оған мән бермедім, ал ол менің тереземе келіп балағаттай бастады. Мен оған шақырту бойынша келгенімді түсіндіріп көрдім. Ол әрі қарай кетіп қалды", - деді Төреғали Берікқалиұлы.
Алайда бейтаныс адам көп ұзамай қайтып келген. Ол қайтадан боқтық сөздер айта бастаған, содан кейін жүргізуші көліктен түскен, ал фельдшер оқиғаны видеоға түсіре бастаған.
Кейінірек күдікті Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланған еді. Қаладағы барлық сауда нысанына ер адамның суреттері ілінген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!