Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова "Теміртау шахтасындағы апаттарға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жауап бере ме?" деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында вице-премьерге "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ны тиын-тебенге сатып, 100-ден аса адамның өліміне жол берген Нұрсұлтан Назарбаев (Теміртау шахтасындағы апаттар үшін - еск.) қылмыстық жауапқа тартылмаса да, жоқ дегенде моральдық жауапкершілікке тартыла ма?" деген сауал жолданды.
Тамара Дүйсенова сұраққа нақты жауап бере алмады.
"Әріптестер, біз сіздермен бірге 30 жылдық кезеңді өткіздік. Ауыспалы кезең өте ауыр болды. Экономикалық байланыстың бәрі үзіліп, жұмыс орындарын, кәсіпорынды сақтау проблемаға айналды. Бүгінде мәселе бар. Қазір кәсіпорын әлем экономикасына интеграцияланған. Ол кезде бүкіл байланыс үзілді. Сол уақытта шетелдік инвесторды тартып, кәсіпорынның жұмысын қамтамасыз ету керек болды. Сондықтан ол кезде дұрыс немесе дұрыс емес шешім қабылданды деп айта алмайтын шығармыз. Ең бастысы қазір кәсіпорын жұмыс істеп тұр", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!