Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев "19 қыркүйекте арнайы қарауылмен Жезқазғандағы №62 колонияға жеткізілгені" туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ақ Жайық" мәліметінше,№62 мекеме Жезқазғанның өнеркәсіп аумағында орналасқан, ол Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайды. Бұған дейін ол аралас қауіпсіздік мекемесі мәртебесіне ие болған, алайда 2026 жылы оның бейіні өзгерген. Бұл үшін колонияда ғимараттарды жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары басталған. Белгілі бір мерзімге сотталғандар басқа мекемелерге біртіндеп ауыстырылып, өмір бойына сотталғандарға орын босату жоспарланған.
Комитет №62 мекемеде қанша адам ұсталып отырғаны және ол жерге тағы кімдер жеткізілгені туралы деректі жарияламаған.
Tengrinews.kz мәліметінше, ҚАЖК Сұлтан Сәрсемәлиев жазасын өтеп жатқан нақты орынды атамаған.
"Сауалда көрсетілген сотталған адам соттың заңды күшіне енген үкімі негізінде сот белгілеген тиісті мекемеде жазасын өтеп жатыр", - деп жазылған жауапта.
Осылайша, комитет Сұлтан Сәрсемәлиев Жезқазғандағы колонияға жіберілгені туралы БАҚ ақпаратын ресми түрде растамаған, бірақ жоққа да шығармаған.
Айта кетейік, Қостанай облысындағы №39 төтенше қауіпсіздік мекемесі "Қара бүркіт" деген атаумен танымал, ол - еліміздегі ең жабық әрі қатаң күзетілетін түзеу мекемесі.
Еске салайық, 14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім шығарды. Сот оны әйелінің төрт туысын асқан қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Процеске қатысушылардың ешбірі үкімге шағым түсірмеген. Осылайша, үкім заңды күшіне енді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!