- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасына қатысқан...
Қаңтар оқиғасына қатысқан қанша адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды
Қаңтар оқиғасына қатысқан 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елодос Қилымжанов ОКҚ брифингінде айтты.
"2022 жылдың 2 қарашасында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына қатысқан адамдарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Алдын ала мәліметтер бойынша, рақымшылық жасауға келетін жалпы адам саны 1500-ға жуық. Бас прокуратура ө тарапынан жергілікті прокуратураларға рақымшылық жасау туралы заңының нормаларының біркелкі қолданылуын және қатаң заңдылықты қамтамасыз ету туралы тапсырма берді", - дейді Қилымжанов ОКҚ брифингінде.
Еске салайық, 27 қазанда Сенат депутаттары қаңтар оқиғаларына қатысушыларға "Рақымшылық жасау туралы" заң қабылдаған болатын.
Қабылданған заңға сәйкес, қаңтар оқиғаларына қатысушылардың бір бөлігі босатылады, енді бірінің қамау мерзімін қысқарады, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасуға және баспанаға көмектеседі.
Сенатор Ләззат Жаңылысқызы "Рақымшылық туралы" заң жобасының нормаларында қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босату көзделетінін атап өтті. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады.
Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін - сот тағайындаған мерзімнің төрттен үшіне, ал аса ауыр қылмыстар үшін - жартысына қысқарту көзделген.
Заң жобасында босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру - жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу көзделген.
Ал террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар жасаған, қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина