"Қант, пәтер, бензин". 2022 жылы Қазақстанда не қымбаттады?

"Қант, пәтер, бензин". 2022 жылы Қазақстанда не қымбаттады?
Фото: © business-magazine.onlinе

Биыл түрлі саяси және экономикалық ахуалға байланысты елімізде тауарлар айтарлықтай қымбаттады. Азық-түліктен бастап, киім, көлік бағасы өсті. Ал қыркүйекте жалға берілетін пәтер тіпті шарықтап кетті. Massaget.kz тілшісі нарықтағы тауарлар бағасына талдау жасады.

Азық-түлік

© Pixabay.com

Биылғы қараша қорытындысы бойынша, азық-түлік тауарлары бір айда 1,8 пайызға, ал бір жылда 24,1 пайызға қымбаттады.

Оның ішінде, жемістер мен көкөністер бір жылда 17,4 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 30 пайызға өсті. Сүт өнімдерінің бағасы кейінгі екі айда тағы екі пайызға өскен.

Жыл басынан бері ет бағасы айтарлықтай өсті. Жылқы еті 15,2 пайызға, шошқа еті мен қой еті 12,2 пайызға, сиыр еті 8,4 пайызға қымбаттаған. Ал құс еті жылына бірден 28 пайызға қымбаттады

2022 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша, сүйекті жылқы етінің құны бір келісі үшін 2999 теңгеге, сүйекті қой еті келісіне 2673 теңгеге, сүйекті сиыр еті 2421 теңгеге, тауық етінің келісі 1,4 мың теңгеге жеткен.

Ал қазанда бірінші санаттағы жұмыртқа бағасы бір айда 6,3 пайызға, ал жылдық өсімде 14,8 пайызға өсіп, 468 теңге болды.

Massaget.kz

Бір жылда нан 19,3 пайызға, макарон өнімдері 42,2 пайызға, ұн 43,7 пайызға қымбаттады.

Дәнді дақылдардан арпа - 44,5 пайызға, бір келісі 368 теңгеге, қарақұмық - 38,2 пайызға, 718 теңгеге, сұлы - 37,5 пайызға, 606 теңгеге, жарма - 37,1 пайызға, 450 теңгеге, күріш - 33,5 пайызға, 489 теңгеге, тары - 25,2 пайызға, 470 теңгеге дейін өсті.

Жыл басынан бері сары май 15 пайызға қымбаттады. Қазақстанда тамызда пияз бағасы шамамен 12 пайызға өсті.

Бұдан басқа, саяси ахуалға байланысты жазда қант бағасы шарықтап кетті. Статистика бойынша, биыл шілдеде бір келі қант орташа есеппен 537 теңгеге сатылған, бұл былтырға қарағанда 86,6 пайызға қымбат. Алайда жазда базарларда қант бағасы 800 теңгеден асып түсті. 

© Massaget.kz

Дәрі-дәрмек

© Pixabay.com

Қазақстанда бір жылда фармацевтикалық өнім бағасы 13,3 пайызға өссе, дәрумендер 30 пайызға дейін қымбаттаған. Иммунитетті көтеретін түрлі қоспа кей дәріханаларда тіпті жоқ. Дәрі-дәрмек Алматы (17,5 пайызға), Маңғыстау (17,1 пайызға), Ақтөбе (16,7 пайызға), Жетісу (16,2 пайызға) және Жамбыл (14,4 пайызға) облыстарында айтарлықтай қымбаттаған.

Жолаушылар тасымалы

© Pixabay.com

Биыл тек тауар емес, сонымен қатар, түрлі қызметтер де қымбаттады. Мәселен биыл Қазақстанда 1 шақырымға есептегенде такси қызметінің бағасы 0,32 доллар болған. Тамыздағы жағдай бойынша, такси бағасы 9 пайызға өскен.

Кейбір пойыздардағы төменгі орындар 1 желтоқсаннан бастап 20 пайызға қымбаттады. Биылғы қазан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасында теміржол билеттері 19,6 пайызға, ал әуе билеттері 16,4 пайызға өсті. 

Пәтер

Pixabay.com

Қазақстанда бір жылда, яғни 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы қараша аралығында нарықта үй бағасы 17 пайызға өскен: бір шаршы метрі 317 мыңнан 372 мың теңгеге дейін.

Биыл қыркүйекте жалға берілетін пәтер бағасы күрт өсті. Krisha.kz порталының сарапшылары тамыздың екінші аптасында-ақ пәтерлер қымбаттай бастағанын мәлімдеген. Тамыздың екінші аптасында 1-3 бөлмелі пәтерлерді жалдау 15 пайызға қымбаттапты. 

Бұдан басқа не қымбаттады?

Биыл дизель отыны 13 пайызға, қысқы отын бірден 31 пайызға қымбаттаған

Тамыздағы көрсеткіш бойынша, жеке көліктерге арналған жанар-жағармай құны бір жыл ішінде 7,9 пайызға өсті. Қазақстан Республикасында орташа есеппен 2022 жылғы тамызда бір литр бензиннің бағасы АИ-92 маркасы - 178 теңге, АИ-95/96 - 210 теңге, АИ-98 - 232 теңге, дизель отыны - 238 теңге

Ал үй шаруашылығына арналған көмір бір айда 3 пайызға, ал бір жылда 11 пайызға өсті. 

Бұдан басқа, Қазақстанда бір жылда киім 15 пайызға қымбаттаса, шілдеде кеңсе тауарларының бағасы бір жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға қымбаттағаны байқалды. Ал сұлулық қызметтерінің бағасы жылдық мәнде (2021 жылғы қарашамен салыстырғанда) 17 пайызға өскен.

Тазалау және жуу құралдары бір жыл ішінде 26,6 пайызға қымбаттаған. Кір сабынның орташа бағасы тамызда 307 теңге болса, тіс пастасының орташа бағасы - 854 теңге. 

Айта кетейік, сәуірде Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы биылдың басынан бері индекс құрылымында тауарлар айтарлықтай қымбаттағанын айтты. Олардың ішінде:

  • тұрмыстық техника - 18,1 пайызға;
  • құрылыс материалдары - 14,7 пайызға;
  • жиһаз және тұрмыстық заттар - 13 пайызға;
  • тоқыма бұйымдары - 8 пайызға;
  • санаторийлердің қызметтері - 12 пайызға;
  • шаштараз және жеке күтім мекемелері - 11 пайызға;
  • қонақ үй қызметтері - 5,7 пайызға қымбаттаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек