Қамшыбек Тәшиев ұзақ уақыттан кейін ел алдына шығып, Жапаровтың мақтауын асырды

Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев қылмыстық іс жүріп жатқан кезде алғаш рет ел алдына шығып, президент Садыр Жапаровты мақтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қырғыз пабликтерінде МҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің видеосы тарады. Ол ұзақ уақыттан бері алғаш рет көпшілік алдына шығып отыр. Саясаткердің жақтастары оның бірнеше видеосын жариялады.

Соның бірінде Қамшыбек Тәшиев Қызыл-Туу ауылында футбол алаңын ашып жатқаны көрінеді, бұл рәсімге жас футболшылар қатысқан.

Публикация от Камчыбек Ташиев Фан (@kamchybek_tashiev_fan) 
 
Тағы бір видеода Қамшыбек Тәшиев бір отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстағаны көрсетіледі. Бұл баспана қиын жағдайға тап болған жандарға берілетін қайырымдылық көмек аясында салынған.

Үй иелерін құттықтау кезінде МҰҚК-ның экс-басшысы ел президенті Садыр Жапаров туралы айтқан. Оның сөзінше, азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталған саясатты нақ осы президент жүргізіп отыр.

"Мемлекетте қандай саясат жүріп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар, әр адамның өз үйі болуы керек. Мемлекет басшысы, құрметті президент Садыр Нұрғожаұлы кеше Ошта ипотекалық үйлерді ашты, Қара-Сууда ашты, өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Мыңдаған адам, Ошта 600, Қара-Сууда 400 адам. Мемлекеттің саясаты осындай. Үйсіз қиналған әр отбасы баспаналы болуға тиіс", - деген Қамшыбек Тәшиев.

Айта кетейік, бұған дейін Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылуы мүмкін екені хабарланды. Кейін Қамшыбек Тәшиевке Қырғызстаннан шығуға тыйым салынды. 

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!