- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кәмелет жасқа толған...
Кәмелет жасқа толған бала ата-анасынан алимент өндіре ала ма?
Университет немесе колледж оқитын 18 жасқа толған бала ата-анасынан алимент өндіріп ала ала ма? Бала қай жасқа толғанға дейін ата-ана оны күтіп-бағу шығындарын көтеруге міндетті? Осындай қоғам арасында белең алып отырған сұрақтарға адвокат Жалғас Серіпханқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәмелетке толған баланы асырау үшін алимент қандай жағдайда өндіріледі?
Авдокаттың айтуынша, ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 138-бабы және жалпы ереже бойынша ата-ана балаларын кәмелетке толғанға дейін ғана асырауға міндетті. Алайда осы Кодекстің 141-бабының 2-тармағында ата-ана кәмелетке толған жоғарғы оқу ор оынқитын балаларын асырауға қаражат беру міндеті белгіленген:
- жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде жас шектелмейді;
- 21 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білім беру жүйесінде.
Осылайша, көрсетілген жағдайларда алимент төлеу міндеті бала кәмелетке толғаннан кейін тоқтатылмай, оқу орнын бітіргенге дейін немесе жас шектеуіне жеткенге дейін жалғасады.
Заңда баланың қай мемлекетте оқу керегі көрсетілмеген. Сондықтан бұл міндет баласы Қазақстан Республикасында да, шетелде де оқитын ата-анаға қатысты.
Дегенмен Жалғас Серіпханқызы егер бала мемлекеттік грантта оқитын болса талап-арыз қанағаттандырылмауы мүмкін екенін, оған қоса заң бойынша ата-ана да балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы екенін айтты.
"Кәмелетке толған ақылы түрде арнаулы білім алып жатқан 18 жастан асқан бала ата-анасынан 21 жасқа дейін алимент ала алады. Бұл Отбасы және неке туралы кодексте көрсетілген. Алимент 18 жасқа толған баланың еңбекке жарамды ата-анасынан өндіріледі.
Баланың оқуы ақылы түрде болуы керек, ол грантта болса талап-арыз қанағаттырылмайды, сот қабылдамайды, бірақ бала грантта оқып жатса да, пәтер немесе жолына кететін шығын, қосымша курстар туралы дәлел болса, сот мұндай арызды міндетті түрде қарайды. Келісімшарт, түбіртек және тағы басқа секілді дәлел болуы маңызды. Сонымен қатар, заңда алиментті ата-ана да балаларынан өндіріп ала алатыны көрсетілген, егер ата-анасы зейнетке дейінгі жасында мүгедек не еңбекке жарамсыз болса, сот шешімімен баласы ата-анасын бағуға міндетті", - деді адвокат.
Заң бойынша, ата-ана балаға алимент төлеуден бас тартуға құқығы жоқ. Әкесі не анасы алимент төлеуден жалтаратын болса, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жаза көзделген.
"Сот ата-ананың біріне алимент төлеу туралы шешім шығарса, олар жалтаруға құқығы жоқ, шешімді орындамаса заңмен қудаланады. Қылмыстық кодекс бойынша 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылады. Алимент төлеуден қашқан ата-анаға, бірінші, Сот орындаушы екі рет ескерту жасайды. Үшіншісінде әкімшілік жауапкершілікке тартады. Мысалы айыппұл салынады немесе 10-15 тәулікке қамауға алынады. Осы ескертулерден кейін де ата-ана алимент төлемесе, міндетті түрде қылмыcтық кодекс заңымен жазаланады", - дейді Жалғас Серіпханқызы.
Алимент өндіріп алу тәртібі
Егер ата-ана қаражатты өз еркімен бермесе, бала сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы. Талапқа баланың туу туралы куәлігі, оның оқу орнында оқитыны туралы анықтама қоса берілуі керек. Құжаттар:
- Талап арыз
- Туу туралы куәлік
- Оқу орнынан анықтама
Алимент өндіріп алуға кім жүгіне алады?
Кәмелетке толмаған баланы асырап-бағуға алимент өндіріп алу үшін сотқа баланың асыраушы ата-анасы жүгінуі тиіс.
Ал кәмелетке толған бала алимент өндіріп алу туралы талап-арызды өз бетінше қоюы керек, өйткені ҚР Азаматтық кодексінің 17-бабына сәйкес ол әрекетке қабілетті, яғни өзінің іс-әрекетімен азаматтық құқықтарын иеленіп, жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндет жасауға және оларды орындауға қабілетті.
Мысалы, 18 жасқа толған бала жоғары оқу орнының студенті және ол оқуын жалғастыруға ниетті, бұл ретте қамқоршы ата-ананың біреуі жұмыс істегенімен, оны күтіп-бағуға және ЖОО-да оқуға байланысты шығысты төлеуге жеткілікті қаражаты болмаса, онда кәмелетке толған бала екінші ата-анасын осы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге тартуға құқылы. Төлем ай сайын төлеммен жүзеге асырылады.
Алимент мөлшері
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 141-бабының 2-тармағына сәйкес күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары білім беру жүйесінде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі балаларға күтіп-бағу қаражатын өндіріп алу алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот тәртібімен тұрақты ақша сомасында жүргізіледі.
Көрсетілген баптың 3-тармағына сәйкес тұрақты ақша сомасының мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше сақтайтын көлемдегі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге алып айқындайды.
Сонымен, заңда баланың кәмелетке толмаған білім алушыларына өндіріп алынатын алименттің нақты мөлшері айқындалмаған. Бұл мөлшерді сот әр жағдайда жеке белгілейді.
Еске салайық, бұған дейін қайтыс болған адамның мемлекет не банкке берешегін өтеуге кімнің міндетті екені туралы жазған елік.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неге сабақ оқығысы келмейді?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә