Қайтыс болған адамның несиесін банк өзі жабады - адвокат

Қайтыс болған адамның несиесін банк өзі жабады - адвокат
Фото: elements.envato.com

Қайтыс болған адамның қарызын балалары немесе туысы өтеуге міндетті ме? Бұл мәселе қазақстандықтарды жиі қызықтырады. Өйткені, қарыз кез келген мүлік сияқты мұрагерлікке ауысады, ал мұраны алушылар несие берушінің алдында жауапты. Massaget.kz тілшісі егжей-тегжейін білу үшін адвокат Жалғас Серіпханқызының көмегіне жүгінді. 

Қайтыс болған адамның коммуналдық төлемдер бойынша қарызы, несие, келісімшарттық қарызы, өсімпұлдары, айыппұлдары және түрлі салықтары болуы мүмкін. Адвокаттың айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 1081-бабына сәйкес, егер мұра қалдырушының қандай да бір борыштық міндеттемелері болса, онда несие беруші мұрагерді борышкер деп танып, талап қоюға құқылы. Бірақ мұрагердің жауапкершілік мөлшері шектеулі және бұл мүліктің құнынан аспауы керек.

"Заң бойынша қайтыс болған адамның қандай да бір жылжымайтын мүлігі, несиесі болса, оны мұрагер қабылдайды. Нотариус қайтыс болған адамның мұрагері бар-жоғын білу үшін іздеу жариялап, мұраны ашады. Мұрагерлік ашылғаннан кейін мұрагерлер құқығын, яғни мұраны қабылдайды. Мұрагерлік алты ай ішінде рәсімделеді. Мұра берушінің барлық несие, қарыз, жылжымайтын мүлікке құқықтары мұрагерге ауысады. Сол сәтте банк несиені мұрагерден талап ете алады", - дейді адвокат.

Мұрагер мүлік қалдырушының қарыздарын өтеуі үшін келесі шарттар орындалуы қажет:

  • мұрагер мұраны қабылдауы керек. Мұраға құқық туралы куәлік мұра ашылған күннен бастап 6 ай өткен соң беріледі;
  • мұрагер өсиет негізінде мұрадан айырылмауы керек;
  • мұрагер мұрадан бас тартпауы керек;
  • мұрагер қандай да бір мүлікті алуы керек.

Мұрагер ешқандай қарыз төлемеуі үшін мұра ашылған күннен бастап 6 ай ішінде мұрадан бас тарта алады. Мұрадан бас тарту үшін мұра ашылған жерде нотариусқа жазбаша өтініш беру керек. Мұраның бір бөлігінен, сылтау немесе шартпен мұрадан бас тартуға болмайды.

"Мұрагер мұрадан бас тартуға құқылы. Яғни, қайтыс болған адамның несиесін төлеуден де бас тарта алады. Ол үшін мұрагер нотариусқа өтініш жазуы керек. Егер, бірінші кезекті мұрагер(ата-ана, балалары, әйелі) мұрадан бас тартса, мұра екінші кезекті мұрагерге(біртекті туыс) өтеді, олар да бас тартаса мұра иесіз мүлік деп танылып,  мемлекет меншігіне өтеді", - деді Жалғас Серіпханқызы.

Адвокат мұрагер мұрадан бас тартып, мұра иесіз мүлік деп танылса, банк қайтыс болған адамның несиесін өзі жабатынын атап өтті.

"Мұрагер болмай немесе мұрадан бас тартылған жағдайда, қайтыс болған адамның қарызын банк өзі жабады", - деп мәлімдеді адвокат.

Айта кетейік, мұрагер азамат қайтыс болғанымен тоқтамайтын қарыздық міндеттемелер бойынша ғана жауап беретінін түсіну маңызды. Яғни, мұрагер қайтыс болған туысы үшінші тұлғаның өміріне немесе денсаулығына келтірген зияны үшін міндеттеме алмайды, алимент төлемейді. 

Еске салайық, бұған дейін сот орындаушысы борышкердің шотын жауып, жүргізуші куәлігін тартып алатыны туралы жазған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә