- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кабинетінде қыз зорлағаны...
Кабинетінде қыз зорлағаны үшін сотталған полицей апелляцияға өтініш берді
Кабинетінде 27 жастағы қызды зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының бұрынғы басшысы Марат Күштібаев апелляцияға өтініш берді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облысы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушыдан апелляцияға өтініш бүгін, 17 шілдеде келіп түскен. Апелляциялық іс қашан хабарланатыны белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған полиция басқармасының басшысы әйел зорлады деген күдікке ілінген еді.
Зорлық көрген қыздың адвокаты Нұрлан Молбаев кейінірек оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов Талдықорған полициясы бастығының кабинетіндегі зорлау дерегі бойынша мәлімдеме жасады.
"Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын полиция қызметкері үшін заң мен тәртіп бірінші орында болуы керек. Құқыққа қайшы келген азаматтар мен полицейлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылуға тиіс. Заң бәріне ортақ", - деді министр Ержан Саденов.
Осы оқиғадан кейін Жетісу облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке ескерту берілді. Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабеков пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды.
Биыл 30 сәуірде Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында Марат Күштібаевқа қатысты адамның қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін айыптау бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Тағылған айыптарға сәйкес, 2023 жылғы 12 қарашада Күштібаев Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы қызметін атқарып жүргенде полиция басқармасының ғимаратында, атап айтқанда, өзінің қызметтік кабинетінде зорлау, яғни қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық қолдану арқылы жыныстық қатынас жасаған. Істің мән-жайлары заңға сәйкес жарияланбайтындықтан, іс жабық сот отырысында қаралды", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осы баптың санкциясы 9 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот үкімімен Күштібаев ҚК-ның 120-бабы 2-тармағының 5) тармақшасы бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
ҚК-ның 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Күштібаев "полиция полковнигі" арнайы атағынан айырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина