Блогер Дана Есеева күйеуі Мейіржан Төребаев үйқамаққа шыққаннан кейін Instagram-парақшасында әсерлі видео жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода Мейіржан балаларын құшағына алып, анасы көз жасына ерік бергенін байқауға болады.
"Үйде. Анасымен, балаларымен. Ол отбасымен. Алда негізгі сот отырысы күтіп тұр. Мейіржан сотқа үйде отырып қатысады. Адвокаттар жұмыс істеп жатыр. Енді сот әділ өтсе деп үміттенеміз. Тілектеріңізге рақмет, миллиондаған адам репост жасап, хат жазып жатыр. Қолдауларыңызды сезіп отырмыз, алғыс айтамын сіздерге. Балалар бұл плакатты 8 ай бұрын дайындап қойған", - дейді Дана.
Видеоны 93 мыңнан аса адам көріп, 17 мыңға жуық пікір жазылған.
"Құдайым-ай! Мейіржан мен Дананың отбасына туған барлық қиындықтарын артта қалдыра көр! Жаңа жыл әділдігімен, бақытымен келсінші!!! Жандарым сол", "Балалар ата-анасынан еш уақытта жырақтамасыншы. Бәрі жақсы болсын", "жыламай көру мүмкін емес", "Жүрегім ауырып кетті ғой, бақытты болыңыздар, барлық жамандық артта қалсын!", - дейді блогердің оқырмандары.
Еске салайық, 26 желтоқсанда танымал вайнер және блогер Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алынған болатын. Мұндай қаулыны Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісінің судьясы шығарды. Артынша сот Төребаевтың тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алыну себебін түсіндірді. Ресми мәлімет бойынша, сот адвокаттың Мейіржан Төребаевтың кәмелетке толмаған бес баласының болуына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!