Бүгінде қоғамда жиі кездесетін жантүршігерлік мәселенің бірі - ер адамдардың көпшілік орында жыныс мүшесін жұрт көзінше шығарып отыруы. Бұл тақырыпты қоғам белсендісі, Nemolchi қорының президенті Дина Таңсәрі әлеуметтік желілерде бірнеше рет көтерген болатын. Massaget.kz тілшісі психолог-сексолог, заңгер мамандармен сөйлесіп, жұрт көзінше жыныс мүшесін көрсету әрекетінің түпкі себебін және заңды тұрғыда бұған қарсы қандай шаралар қолданылатынын сұрады.
Жақында ғана Дина Таңсәрі Instagram-парақшасында Алматыдағы автобуста болған оқиғаны жазды. Бұл жағдай 63-автобуста болған. 22 жастағы қыз кешкі уақытта автобусқа мінген, ал оған қарама-қарсы отырған ер адам жыныс мүшесін шығарып отырған.
"Әйелдерде де кездеседі". Психолог-сексолог не дейді?
Психолог-сексолог Аман Сұлтанбекұлы жұрт көзінше жыныс мүшесін шығару, оны көрсету эксгибиционизм деп аталатынын айтты.
"Сырт көзге демонстрация жасау, көпшілікке жыныс мүшесін көрсету арқылы жасалатын іс-әрекеттерді осылай (эксгибиционизм - еск.) атайды. Ол тек ер адамдарда кездесетін патологиялық немесе психологиялық ауытқу емес, бұл нәрсе әйел адамдарда да кездеседі. Эксгибиционизмнің екі түрі бар. Біріншісі - жалған түрі. Екіншісі - кәдімгі психологиялық ауытқушылық", - дейді маман.
Маман жалған түрі қандай да бір нәрсеге мас болудан туындайтынын айтты.
"Жалған түрі бұзақылыққа жатады. Ол жерде ішімдік немесе есірткі секілді қандай да бір заттың әсерінен өзін бақылауда ұстамай, соның салдарынан осындай іс-әрекетке баруы мүмкін. Екіншісі - патологиялық жағдай. Бала кезінде немесе үлкейген кезде қандай да бір психологиялық зақым алса, бұл психиатрмен бірге емделуі керек кәдімгі ауру түріне жатады", - дейді ол.
Бұл жағдай қай кезден басталады?
Психолог-сексологтың сөзінше, ер балалардың гормондары өзгере бастаған кезден-ақ неше түрлі жағдай болуы мүмкін.
"Үйде жыныстық сауатты үйретпейтін отбасыларда мұндай нәрсе кездеседі. Ер балаларда жыныстық жетілу уақыты жақындап, гормондар өзгерген кезде, алғашқы поллюция (ұрықтың, шәуеттің ұйқы кезінде еріксіз кетуі - еск.) бөлінген кезде жыныс мүшесін қозғауға (мастурбация - еск.), порно роликтерді көруге қызығушылығы оянады. Яғни табиғи түрде гормондары өзгеріп жатыр. Осы сәтті ата-анасы немесе ағасы, жақын адамдары көріп қалса, біздің менталитет бойынша ұрсып-ұрып жазалап жатады. Баланың миында ата-анасы ұрысып жатқан кезде сигнал пайда болуы мүмкін. Бала санасында "осылай жасасам, адамдарға эмоция сыйлайды екен" деген секілді ой қалыптасады. Ол бірнеше рет қайталануы мүмкін. Сол кезде балада психологиялық зақым болып қалыптасады. Өскеннен кейін ол бұл бала кездегі психологиялық зақым екенін білмеуі мүмкін. Кейін отбасын құрған соң жыныстық қатынастан ешқандай ләззат алмауы да мүмкін. Тек осылай көпшілікке көрсету арқылы ләззат алуы мүмкін. Өйткені оның миы бұрын болған сол нәрсені сақтап қалды. Соның салдарынан қазір қайталаған сайын ләззат алады. Ол кезде өз-өзін ұстай алмай қалады. Өз-өзіне есеп бермейді. Тек біткеннен кейін ғана есі кіруі мүмкін", - деп түсіндірді маман.
Мұндай адамдарда осы сәтте үш түрлі эмоцияны сезінеді екен. Алайда бұл жағдайды тек кешенді түрде емдеу қажет.
"Бұл жерде эмоциялық қажеттілік бар. Көбіне оларға үш түрлі эмоция керек. Бірінші - таңғалу, басқа адамдардың таңғалуы. Екінші - қорқыту. Үшінші - қанағаттану. Бұл нәрседен емделу керек. Психиатр, психолог, сексолог көмегіне жүгіну қажет", - дейді Аман Сұлтанбекұлы.
"Соттау, ату, кастрация жасау". Мәселені қалай шешеміз?
Маман кез келген мәселе тыйым салумен ғана шектелмейтінін айтады. Сондықтан тек ашық әңгіме керек.
"Баланың кішкентай кезінде өз-өзіне сенімсіз болуы, ата-ананың бәрін керемет болуын қалауы, баласына көңілі толмауы оның өскен кезде қарым-қатынаста қиындық көруіне әкеп соғуы мүмкін әрі бұл оның жыныстық өміріне әсер етуі мүмкін. Әсіресе, жасөспірім қыздардың алдында көрсету арқылы жетпеген эмоцияны толтырады. Бізде жауапкершілікті біреуге ысырып тастау деген нәрсе бар. Ата-ана жауапкершілік алуы керек. Түбін қазсаң, ата-ана баласы кішкентай кезінде жыныстық сауат бойынша үйретуі керек. Осы мәселе жағынан келу керек. Соттау керек, ату керек, кастрация жасау керек деу емес. Бұл мәселені шешпейді, одан сайын ушықтырып жібереді. Қазақстанда белден төмен әңгімелерге шоши қарайды. Өйткені бізде бұл тақырып жабық болып келді. Жыныстық зорлық-зомбылық баяғыдан келе жатыр. Бірақ "ұят болады" дегенмен жабылып келген", - дейді ол.
Ал ата-аналар осындай жағдайға топ болған кезде бас салып, айғайға көшпеуі керек екен. Орайын күтіп, баланың жасына лайықтап түсіндірген дұрыс.
"Ата-ана баласының жыныс мүшесін ұстап отырғанын көрсе, алғашында көрмеген сияқты өтіп кетуі керек. Себебі ата-ананың жағымсыз реакциясы оған өскенде де әсер етеді. Сәті түскен кезде жасына қарай сөйлесу керек, дос болу қажет. Шын мәнінде, денсаулыққа зиян екенін ұғындыру керек. Кез келген қоғамда тыйым көп болған сайын соған қарсы жауап көп болады. Жыныстық қатынас тақырыбы көтерілсе, жаман тақырып сияқты тыйып тастаймыз. Бірақ салдары осылай болады. Кейін соған қоғамды кінәлаймыз", - деп түйіндеді психолог-сексолог.
Заңды тұрғыдан қандай шара қолданылады?
Заңгер Азамат Беккуловтың сөзінше, мұндай сорақылық Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-тармағына сәйкес бұзақылық түрінде қарастырылады. Яғни қоғамдық тәртіпті, қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не барынша арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз әрекеттер жасаумен ұштасқан қылмыс түрі бойынша тексеріледі.
"Екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жүмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазалануы мүмкін", - дейді маман осы қылмыстың жазасы туралы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам автобуста жыныс мүшесін шығарып отырғаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!