Журналист, "Обажаю" YouTube-каналының авторы Асхат Ниязов марқұм Риддер әкімі Дмитрий Горьковойдан және оның отбасынан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгін Риддер әкімі қайтыс болды. Егер менің шығарылымым болмаса, ол мұншалықты өшпенділікке тап болмаушы еді дегенмен келісемін және жауапкершілікті қашып құтыла алмаймын. Одан және оның отбасы мүшелерінен кешірім сұраймын. Ол осы шығарылымда не айтқанына қарамастан, ол қорыққан жоқ және кездесуге бірден келді. Маған кейін де оның жақсы адам болғанын көп адам жазды. Солай болып қалсын. Иманды болсын", - деп жазды журналист.
Журналист Риддер әкімінен сұхбат алған сәтінің видеосын қоса жариялады. Онда ол әкімге "Өте ашық-жарқын адам екенсіз, фотоңызды алғаш көргенде сізді қарақшы екен деп ойладым" деген. Ал марқұм журналиске "Қарақшы болсам, бұл жерде жұмыс істемейтін едім" деп жауап берген.
Еске салайық, бүгін, 21 сәуірде Риддер әкімі Дмитрий Горьковой қайтыс болғаны хабарланды. Оның жүрегі тоқтап, ауруханада көз жұмған.
Дмитрий Горьковой 2020 жылғы қыркүйектен бастап Риддер әкімі болып қызмет етті.
Дмитрий Горьковой - Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 1983 жылы 6 қазанда Шемонаихада дүниеге келген. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қаржы полициясында бастаған. 2015 жылғы тамызда 2020 жылға дейін Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!