Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол 23 қаңтарда түнгі сағат 00.09-де эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қырғыз және Қытай шекарасында жер сілкінісі тіркелгенін атап өтті.
"Сағат 07.00-дегі жедел жағдай бойынша 3 сейсмикалық оқиға тіркелді (00.09 сағат, 00.42 және 01.36 сағат). Олар Алматы қаласында – 5, Шымкент қаласында – 2, Жамбыл облысында - 2-3 және Жетісу облысында - 4 балл. Алдын ала мәліметтер бойынша ғимараттар мен құрылыстар бұзылмаған", - деді Сырым Шәріпханов.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінде республикалық жедел штаб ашылды.
"Осындай штабтар аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтарымен жедел желі телефондары ұйымдастырылды. Сейсмикалық болжау комиссиясының өткізілген отырысына сәйкес Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Осыған байланысты өңірлердің тұрғындарынан дүрбелеңге түспеуін және тек ресми дереккөзге сенуін сұраймын", - деді министр.
Айта кетейік, кеше Алматыда жер сілкінісі тіркелген болатын.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!