Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Ол ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді, 2027 жылы ауқымды құрылыс жұмыстарын бастауды және Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инфляция, әлеуметтік көмек, ауруханалар құрылысы, салық жүйесі және жол сапасына қатысты пікір білдірді. Massaget.kz маңызды мәлімдемелерді жинақтады.
2027 жыл – жалпыхалықтық құрылыс жылы
Президент 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Басты ұстаным мынада: әлемді жасанды интеллект жаулап жатқанда, Қазақстан өмір сүру үшін нақты, мықты негіз қалайды.
«Жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлеріне жалпыхалықтық жауабымыз – құрылыс салу, тағы да құрылыс салу».
Құрылыс жұмыстары ірі мегаполистерден бастап шалғайдағы ауылдарға дейінгі барлық өңірді қамтиды.
Жаңа жолдар салынып, вокзалдар мен әуежайлар жаңартылады. Ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар мен шығармашылық үйлері бой көтереді. Тұрғын үй құрылысы, ауылдарға газ бен таза ауыз су тарту жұмыстары жалғасады.
Қазақстанды жаңартуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді
2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінеді. Президент Тоқаев бұл шешімді былай түсіндірді: Ұлттық қордың негізгі миссиясы – ақшаны шотта сақтап қана қою емес, оны қазақстандықтардың жайлы өмірі үшін қазірден бастап инвестициялау.
«Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз».
Қазақстан әлемдегі топ-50 экономика қатарына қосылып жатыр
Президент еліміздің экономикалық әлеуеті сенімді түрде артып келе жатқанын хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2026 жылы Қазақстан мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуді көздейді:
Мемлекет басшысы бұл әлеуеттің жай ғана шоттарда жатып құнсызданбауы керектігін, оны барлық өңірдегі инфрақұрылымды, жолдарды, мектептер мен ауруханаларды ауқымды түрде жаңартуға жұмсау қажеттігін мәлімдеді.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 85 000-нан 110 000 теңгеге дейін артады. Бұл өсім туралы Президент өз Жолдауында жариялады.
Жалақының өсуі жұмысшылардың табысына ғана емес, кейбір әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне, сондай-ақ зейнетақы жарналары мен мемлекеттік қорларға аударымдарға да әсер етуі мүмкін.
Инфляция – «үнсіз жау»
Президент инфляцияны «азаматтардың әл-ауқатын кеміретін үнсіз жау» деп атады. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегеніне қарамастан (жылдық инфляция 9,3% болды), оның деңгейі әлі де тым жоғары болып отыр.
Президент елдің қаржы жүйесінің өте тұрақты екенін атап өтті:
Әлеуметтік көмек реформасы: «Орынсыз көмек көрсетуге болмайды»
Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек жүйесін реформалау мәселесін де қозғады. Ол мемлекеттік көмекті тек оған шынымен мұқтаж жандар ғана алуы тиіс екенін қадап айтты.
«Сондықтан бұл күрделі мәселені “өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай”, байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды».
«Салық кодексі – қасиетті жазу емес»
Президент жаңа Салық кодексі шынайы өмірден алшақ болмауы тиіс екенін және оған өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы заңнаманың тым ауқымды, түсінуге қиын әрі «кәсіпкерлер үшін нағыз бас ауруына» айналғанын айтты. Үкіметке қайшылықтарды жою, нормаларды екіұдай түсіндіруді болдырмау, теңгерімсіздіктер мен бизнеске түсетін артық жүктемені алып тастау тапсырылды.
Министрлер кабинеті кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асып, ойын ережелерін жиі өзгертпеу үшін нақты түзетулер пакетін мұқият әзірлеуі тиіс.
Жаңа Азаматтық кодекс
Мемлекет басшысы келесі жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
Ескі кодекс өз міндетін атқарды: нарықтық экономика институттарын құруға көмектесті, азаматтық қатынастардың негізін қалап, меншік құқығын қорғауды бекітті. Жаңа кодекстің мақсаты – болашақ экономикасына көшудің құқықтық іргетасына айналу және инвесторлар, кәсіпкерлер мен азаматтар үшін тұрақты жағдай қалыптастыру.
«Нағыз футболға айналдырды»: Тоқаев шенеуніктерді жол сапасы үшін сынға алды
Президент Қазақстандағы автомобиль жолдарының жай-күйі туралы қатаң пікір білдірді. Ол орталық және жергілікті атқарушы органдар регламенттерге сілтеме жасап, «нағыз футбол» ойынын көрсетіп, мәселені шешудің орнына тығырыққа тірегенін айтты.
«Қайталап айтамын: бізге сапалы жолдар қажет. Битумның немесе қиыршық тастың сапасына қатысты сылтау қабылданбайды. Сапалы жолдар мен жол бойындағы заманауи қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразиядағы көлік-логистикалық торап мәртебесіне үміткер бола алмайды».
Жолдарды жөндеу және олардың сапасы үшін барлық жауапкершілікті Көлік министрлігіне беру тапсырылды. Мынадай міндеттер айтылды:
- Барлық өңірді байланыстыратын заманауи автомобиль және теміржолдардың біртұтас желісін құру.
- Келесі жылдың соңына дейін шекарадағы барлық автомобиль өткізу пунктін реконструкциялауды сапалы аяқтау.
Мемлекеттік басқару реформасы
Қазақстан Президенті мемлекеттік аппаратта үстіртін емес, терең реформа жүргізуді тапсырды. Реформа жоспары 2027 жылғы 1 маусымға дейін ұсынылады.
Қағазбастылықты, қайталанатын функцияларды жою, сондай-ақ шешім қабылдауды жеделдету үшін шенеуніктердің жұмысына жасанды интеллект қосылады. Басқару құрылымы Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейін қайта қаралады.
Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңартылған әдеп қағидаттары әзірленіп, олардың адалдығы мен кәсібилігіне қойылатын талаптар күшейтіледі.
Жолдаудың толық мәтінін мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.