Жолда сіз күтпеген түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Мысалы, кейде алдыңызда кетіп бара жатқан көлік дөңгелегінен тас ұшып, ол сіздің көлігіңізді зақымдауы мүмкін. Бұл жағдайда сіздің көлігіңізге келтірілген шығынды кім өтейді? Бұл сұраққа заңгер Нұрсұлтан Орынбеков өзінің инстаграм парақшасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осындай трассада өзге машинаның дөңгелегінен тастар келіп, сіздің көлігіңіздің терезесін немесе көлігіңізді жарақаттайтын болса, оның шығынын кім өтейді? Сіз бұл алдағы машинаның кінәсі деп ойлауыңыз мүмкін, алайда ол өз еркінен тыс абайсызда жасағандықтан, оған ол жауап бермейді. Шығыныңызды өтеу үшін осы жолды тазалауды қамтамасыз ететін "ТЭУ" немесе "ДЭУ" деп аталатын мекеме өкілдеріне хабарласасыз", - деді заңгер.
Сондай-ақ маман келтірілген шығынды бірден суретке және видеоға түсіруге кеңес берді.
"Бірінші кезекте, келтірілген шығынды суретке және видеоға түсіріңіз. Екіншіден, жағдай орын алған жол бөлігін анықтаңыз. Үшіншіден, осы жол бөлігіне жауапты ДЭУ мекемесін анықтап, оған хабарласып, мән-жайды түсіндіріңіз. Мәмілеге келмесе, азаматтық ретте сотқа шағымданыңыз", - деп кеңес берді ол.
Еске салайық, көлік әртүрлі себепке байланысты жануы мүмкін. Өзіңізді және көлігіңізді мұндай қауіптен қорғау үшін оның мүмкін себептерін біле жүріңіз.