Желіде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың ұлтына қатысты түрлі ақпарат тарады. Онда қоғам қайраткері қазақ емес екені, оның ұлты татар екені айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай Facebook-парақшасында Дінмұхамед Қонаев қазақ емес екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл бірнеше рет жазылған, тіпті дәлелденген.
"Шын мәнінде, Қонаев ешқандай қазақ емес еді. Замандастарының айтуынша, 1940 жылдардан билік баспалдағымен қауырт көтеріле бастаған Қонаев 1949 жылы төлқұжатына өзін қазақ деп жазғызып алған. Бұған дейін ол татар болып келген. Мұны өзінің замандасы әрі ұйғыр мектебінде бірге оқыған кластасы Исмаил Юсупов те, Қонаевтың ауылдасы, кейіннен оппазицияға кетіп Қонаев пен Назарбаевты аяусыз әшкерелегені үшін диссидент атанған Кәрішал Асанов та өз еңбектерінде дәлелдеп жазды. Бұл жалған десеңіздер, өткен жылдары әлеуметтік желілерде Қонаевтың гаплогрупасын зерттеген мамандардың мақаласы жарық көргені естеріңізде шығар. Сонда Қонаевтың татар текті екені анық көрсетілген. Соңғы технология жетістіктеріне сүйенген ғылым осылай деп жатса, Қонаевты қазақ деп жалаулатқандарға не жорық? Шынында да, Қонаевты қазақ дегеннен бізге не түседі?" - деп жазған ол Желіде.
Ал журналист Марат Бәйділдаұлы Дінмұхамед Қонаевтың ата тегіне, ұлтына тиісудің түбі шірік екенін айтқан.
"Таяуда бір танысымыз "Кіммен болса да бәстесе аламын, Қонаев - татар" деген әңгіменің шетін шығарды. "Оның партиялық билетінде бұрын ұлты "татар" деп жазылған екен" деп бұрқылдатты. Амал жоқ, осы мәселеге нүкте қою үшін мәселенің мәнісін ашып беруге тура келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы "Қазақтың түп атасы" деген шежірелік жырында: "Қазақтың түп атасы батыр Түрік, "Арабсың" деген сөздің түбі шірік" дейді ғой. Сол айтпақшы, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты "татар" деудің түбі - шірік!" - дейді ол.
Сондай-ақ, ол Қонаевтың неліктен татар мектебіне барғанын түсіндірген.
"Бірден айтайын, Димекең татар емес - қазақ, оның ішінде Ысты руынан тарайды. Әкесі Меңліахмет баласы Димаш оқуға баратын кезде (ол кезде Верныйда қазақ мектебі мүлде жоқ) басқа мектептің реті болмай Алматыдағы "Гаспринский мектебі" деп аталатын татар мектебіне беруге мәжбүр болған. Алғашында оны ұлты татар емес деп қабылдамай қойғанда Меңліахметтің нағашы апасы (шешесі Хадиша Сағалбайқызының шешесі көпес Ысқақ Ғабдувалиевтің әпкесі) татар қызы еді деп, соны көлденең тартып мектепке әзер алдыртқан.
Татар мектебін бітіргендігін растайтын куәлігінің негізінде (туу туралы куәлік қолданысқа 1935 жылы ғана енгізілді) комсолмолдық, партиялық құжаттарында ұлты "татар" деп жазылып жүрді. Кейін азамат болған кезінде партиялық құжатындағы көрсетілген ұлтын "қазақ" деп түзетуге мәжбүр болған. Д. Қонаевтың халық алдындағы беделін төмендету үшін бұл деректі Назарбаев шебер пайдаланып бақты. Ақиқатынан хабарсыз жігіттердің "Қонаевты татар" деп ғайбаттауының төркіні содан!" - деп жазған Марат Бәйділдаұлы.
Ал деректерде тарихи тұлғаның атасы "қырғыз", яғни қазақ екені айтылады екен.
"Димекеңнің мұражайында оның атасы Жұмабай Қонайұлының қазақ екендігін дәлелдейтін мұрағат материалы сақталған. Онда 1912 жылы 30 қарашада Верный қаласында Жұмабайдың қайтыс болуына байланысты оның мұрагерін тағайындау жөнінде мәселе бойынша Верный қалалық соты шығарған шешімде Жұмабайдың "қырғыз" яғни қазақ екендігі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Сот шешімінде: "... надь имуществомь умершего киргиза Нижне-Илийского волости Джумабая Кунаева ... учредить опеку и опекуномь назначить сына покойного Минди-Ахмет Кунаева" делінген. Ол кезде қазақтарды "киргиз", қырғыздарды "кара киргизы" деп атағаны мәлім. Яғни көрсетілген құжатта атасы қазақ екендігі көрсетіліп тұр. Сол Меңліахмет кәрияны өткен ғасырдың 70-жылдарының басында (жас журналист болып жүрген кезімізде) кәдімгі көк базарда өзінің қатарластарымен бірге қымыз ішіп отырғанын талай көрдік. Ол кісі 1976 жылы тоқсанға қараған шағында дүние салды", - деп жазған ол.
Марат Бәйділдаұлы Дінмұхамед Қонаевтың жеті атасын санамалап берген. Оның сөзінше, өзі жазған кітабында да руы Ысты екенін көрсетіп кеткен екен.
"Ал Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шешесі - Зәуре Байырқызы Аманжолова шелектік Қаңлы Байыр атамыздың қызы. Ол 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен Бүкілқазақтық құрылтайда Алашорданың Жетісу облысынан сайланған депутаты, заңгер Садық Аманжоловтың немере бауыры. Яғни Димекеңнің шешесі жағынан да татарға қатысы жоқ. Димекең "Өтті дәурен осылай" атты өмірбаяндық кітабында руы - Ысты екендігін айтып, өзіне дейінгі жеті атасын "Жолын - Нұрмамбет - Азынабай - Қонай - Жетібай - Жұмабай - Меңліахмет - Дінмұхамед" деп таратады. Көріп тұрсыздар, ата-бабасынан тартып Димекең таза қазақ!" - деп түйіндепті Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев).
Айта кетейік, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев - кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы және КОКП ОК саяси бюросының мүшесі болған.
Еске салайық, бұған дейін Дінмұхамед Қонаев туралы қызық деректер жинап, ұсынған болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!