"Жай қылмыс емес" - Саясаттанушы жедел жәрдем қызметкерін ұрған ер адам туралы

"Жай қылмыс емес" - Саясаттанушы жедел жәрдем қызметкерін ұрған ер адам туралы
Фото: Видео кадрдан

Қазақстандық саясаттанушы Оразғали Селтеев жедел жәрдем қызметкерін аяусыз соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Селтеевтің айтуынша, Нұрболат Дәкебаевтың жедел жәрдем қызметкеріне шабуылы - жай қылмыс емес.

Бұл "заң мен тәртіпке" жасалған тағы бір өрескел шабуыл әрі бүкіл қазақстандық қоғам үшін сын. Сондықтан қатаң түрде жазалануы керек. Бұл - "нөлдік төзімділік" қағидатын іске асырып отырған барлық уәкілетті органдардың атүсті қарап, профилактикалық жұмыстарды формальды орындап отырғанының дәлелі. Тіпті көптеген қазақстандық өз құқықтары мен қарапайым жауапкершілігін де білмейді. Дәкебаевтың сот процесі ашық және бірнеше жерде өтуге тиіс. Сот кейбір мәдениет үйінде немесе Қарағанды жоғары оқу орындары мен колледждердің бірінде өткізген жөн. БАҚ барынша қатысып, бүкіл ел кең ақпаратпен қамтылуы қажет. Бұл жағдайды ең шалғай жатқан ауылдарда білуі керек", - дейді саясаттанушы әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан ер адам Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланғанын жазған едік. Қаладағы барлық сауда нысандарында ер адамның суреттері ілінген.

Еске сала кетсек, Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Видео телеграм арналардың бірінде тараған болатын. Роликте ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады.

 

Жасұлан Ордабаев

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz