Желіде Алматы облысындағы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде жазасын өтеуші әйел шатырдан секіріп кетпек болғаны туралы хабар тарады. Мекеме өкілдері бұл дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желідегі ақпаратқа сәйкес, жазасын өтеуші әйел адам әкімшілік тарапынан көрсетілген қысымның кесірінен секіріп кетпек болған.
Мекеме өкілдері бұл ақпаратты растады.
"Бірақ әкімшілік тарапынан қысым жасалған жоқ. Іштегі режимді бұзғаны үшін жазаланған. Сол жазаны алып тастауды талап етіп, осындай әрекетке барған", - дейді түзету мекемесінің өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Жауғаштыда жазасын өтеушімен сұхбатты жариялаған болатынбыз. Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде 576 әйел жазасын өтеп жатыр. Соңғы жылдары мұнда алаяқтық, есірткі тасымалдау, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру баптары бойынша жазасын өтеушілер көбейген. Сондай-ақ, үш жасқа дейінгі баласы бар 35 келіншек пен 3 кәмелетке толмаған жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Massaget.kz тілшісі темір тордың ар жағындағы әйелдермен тілдесіп қайтқан еді.
Түзету мекемесінде тағдырдың жазғанына көнген, болашаққа үміті сөнген талай азаматша бар. Сабағына тым қымбат құн алатын өмірдің сынағына тап болғандардың бір ғана тілегі бар. Ол бізден кейінгілер біздің қателігімізді қайталамаса деген...
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!