"Карантинде ақшадан тарығып, есірткі тасымалдауға мәжбүр болдым". Жауғаштыда жазасын өтеушімен сұхбат

"Карантинде ақшадан тарығып, есірткі тасымалдауға мәжбүр болдым". Жауғаштыда жазасын өтеушімен сұхбат
Фото: автордан

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде 576 әйел жазасын өтеп жатыр. Соңғы жылдары мұнда алаяқтық, есірткі тасымалдау, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру баптары бойынша жазасын өтеушілер көбейген. Сондай-ақ, үш жасқа дейінгі баласы бар 35 келіншек пен 3 кәмелетке толмаған жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Massaget.kz тілшісі темір тордың ар жағындағы әйелдермен тілдесіп қайтты. 

Түзету мекемесінде тағдырдың жазғанына көнген, болашаққа үміті сөнген талай азаматша бар. Сабағына тым қымбат құн алатын өмірдің сынағына тап болғандардың бір ғана тілегі бар. Ол бізден кейінгілер біздің қателігімізді қайталамаса деген... 

Менде мүлде ақша жоқ болды, қатты қиналдым

Өзін Оля деп таныстырған бойжеткен қазір 25 жаста. Осыдан үш жыл бұрын есірткі жеткізгені үшін темір торға тоғытылған. "Қарызымды қайтару үшін ғана осы әрекетке бардым" деген кейіпкер бұған дейін циркте жұмыс жасағанын айтты. 

"Қырғызстанда сырттай спорттық академияны тәмәмдадым. Мен есірткі секілді психатроптық заттарға мүлдем жақындамайтынмын. Спорт пен өнерді жақсы көрдім. Карантинде қарыздарым мен кредит көп болды. Мен карантинге дейін шетелде циркте жұмыс істедім. Біз екі рет Қытаймен контракті бойынша жұмыс істедік. Үшінші мәрте келісімге келгенімізде карантин басталып кетті. Солай жұмыссыз қалдық. Менде мүлде ақша жоқ болды, қатты қиналдым. Амал жоқ есірткі жасырушы болып жұмыс істедім."

Жұмыс істемесең ата-анаңды өлтіремін деді...

Алғашында маған үлкен көлемде тауар берді. Артынша мені тонап кетті. Мен бұл істі бір адам жасады деп ойлайымын. Кейін мен оларға қарыз болып қалдым. Содан кейін Астанаға жіберіп, үлкен маштабта жұмыс істеуге міндеттеді. Мен қарсылық танытқаныммен, ата-анаңды өлтіремін деді. Олардың мекенжайын жіберіп қорқытты. Менің үйімнің, жақындарымның суретін жіберіп бопсалады. Мен амалсыз көндігіп, айтқанын істедім.

Есірткі берген адам тәртіп сақшыларына ұстап берді 

Біз сенің қайда тұратыныңды білеміз. Соны ұмытпа. Сен бізге қарызсың, - деп үнемі айта беретін. Ал менің қарызым жабылар тұста мені тәртіп сақшыларына ұстап берді. Маған бір мекенжайға тауар апаруды тапсырды. Алайда сол жерге барғанымда полиция қызметкерлері бірден мені ұстап әкетті. Бұл істі 2019-жылдың аяғында бастап, 2020 жылдың қараша айында ұсталдым. Мен есірткіні қолданбадым. Тек қиындықтан шығу керек болды.  

Бұл іспен айналыспаңыздар! Артымнан келген қыздарға қарасам жылағым келеді

Мен өз қателігімді түсіндім. Менің ата-анама қиын. Иә, мұнда жазасын өтеп жатқан қыздардың барлығы кінәліміз. Біз алғашында мұның аяғы неге апарып соғарын білмедік. Менің оқиғамды жасөспірімдер оқитын, көретін болса мен жастарға жеңіл ақша болмайтынын айтқым келеді. Бұл жағдайға түскенде достарың мен жақындарың өте қатты зардап шегеді. Бұл іспен айналыспаңыздар. Қазір жастар жеңіл ақшаға құмартады. Артымнан келген қыздарға қарасам жылағым келеді. Ешкім менің қателігімді қайталамаса екен.

Туысқандарым мені Кореяда деп ойлайды

Сотталғандардың көпшілігі өзінің түзету мекемесінде екенін айтуға ұялады. Себебі, жақындарының ұятқа қалғанын қаламайды екен. Мұндағылардың көпшілігі шетелде жұмыс істеймін деп өтірік айтуға мәжбүр.

"Құрбыма сеніп алданып қалдым. Екеуіміз бірге компания ашып, кәсіп бастадық. Мен директор болдым. Біз  түрлі сәндік бұйымдар сатумен айналыстық. Ол жайлы тарқатып айтқым келмейді. Ұрлық, жымқыру, алаяқтық баптары бойынша айыпты деп танылдым. Алайда менің сотталғанымды барлық туыстарым білмейді. Себебі, ата-анам, бауырларым түрмеде екенімнен ұялады. Жақындарымызға Кореяда жұмыс жасап жатыр деп жеткізеді. Туыстарымның көпшілігі мен Кореяда жүр деп ойлайды. Өйткені олардың мен үшін алаңдағанын қаламаймын"

Кімнің не үшін отырғанында шаруамыз жоқ

Ал түрме басшылығы тәртіп жалпыға бірдей деді. 

"Біз қолдан келгенше барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Көпшілігі қылмыстық іске, сот шешіміне қатысты шағым түсіреді. Бірақ біздің кімнің не үшін отырғанында шаруамыз жоқ. Біз бұл мәселені талқыламаймыз. Тек сотталушылардың құқығын қорғай отырып, жазалау тәртібін түсіндіреміз", - дейді Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов

Түрмеде 35 бала тәрбиеленіп жатыр 

Колонияның басты ерекшелігі – мұнда сотталған келіншектер үш жасқа дейінгі балаларымен бірге тұрады. Мұнда қазір 35 бала мен екі аяғы ауыр келіншек бар. Бұған дейін балалардың денсаулығын тұрақты тексеріп отыратын дәрігерлер тапшылығы айтылып келген еді. Қызметкерлердің Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының рұқсат қағазы керек деген уәжімен, аналармен тілдесуге мүмкіндік болмады. 

Кәмелетке толмаған құрбыларын үлкен жігіттерге алып келген...

Бұл мекеме Қазақстан бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдер жазасын өтейтін жалғыз оқыту колониясы. Арнайы 20 орын қарастырылыпты. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, бұрын мұнда 1-2 ғана қылмыскер болса, биыл олардың саны 3 адамға жеткен. Бірі адам өлтіру ісі бойынша, енді бірі есірткі тасымалдағаны үшін темір торға тоғытылыпты. Ал үшіншісі кәмелетке толмаған құрбыларын төсекке тартып, жеңгетай болғаны үшін  айыпты болып танылған. 

"Жауғашты" әйелдер түрмесінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған азаматшалар жазасын өтеуде. Сотталғандардың ең ұзақ мерзімі Қылмыстық Кодекстің 99 бабы (адам өлтіру) бойынша 18 жыл. Сондай-ақ ұзақ мерзім есірткі тасымалымен айналысқан азаматшаларға қарастырылған. Жаза психотроптық заттардың көлеміне қарай тағайындалады екен.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов