4 наурызда Алматыда қатты жер сілкінісі болды. Алайда Кардиология ғылыми-зерттеу институтында хирургтар төтенше жағдайға қарамастан науқасты аман алып қалу үшін операция жасауын тоқтатпаған. Күрделі отаны сәтті жасап шыққан рентгенхирург Арыстан Мұратұлы "1001 түн" бағдарламасына сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, ота кезінде айналада болып жатқан жайт маңызды емес, ең бастысы науқастың жағдайы мен отаның сәтті аяқталуы.
"Шынымды айтатын болсам, мұндай сәтте жеке басыңды ойламайсың, алаңдамайсың, ең бастысы - науқастың отасын сапалы аяқтау. Біздің клиникада күрделі ота күнде жасалынады, кардиохирургтар сол сәтте өте күрделі ота жасап жатқан болатын, яғни қосалқы сол жақ қарыншаны салып жатты. Бұл жасанды жүрек. Сондай-ақ, аритмологтар жүрегінің ырғағы бұзылған науқасқа ота жасап жатты. Ал біз жүректің ишемиялық ауруына текге орнатып жаттық. Ота 2-3 сағатқа созылды, негізінде біздің клиникада ота бір сағатта аяқталады.
Жер сілкінісі басталан кезде біз көшеде үлкен жүк көлігі қатты жылдамдықпен жүріп өткен шығар немесе құрылыс жұмыстары деп ойладық. Кейін жан-жақтан дыбыс шығып, дүмпуді сезген соң жер сілкініп жатқанын түсіндік. Ота кезінде 3 хирург, 3 анестезиолог, 4 мейірбике және 2 санитар әйел болды", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жер сілкінісіне қарамастан операция жасаған дәрігерлер Қазнетті тәнті еткені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жәңгiр хан тұсында Қазақ хандығының Бұхарамен қатынастары қандай болды?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!