- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жас журналистер байқауы...
Жас журналистер байқауы Павлодарда өтті
15-16 сәуір аралығында Павлодар қаласында журналистер арасында XI Республикалық пәндік олимпиада өтті. Жастар жылының аясында болған жас журналистердің бәсекесін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырды.
Кереку өңіріне Қазақстанның барлық облысынан 17 команда келді. Жергілікті университет ұжымы қонақтарға Павлодардың көрікті жерлерін, тарихи орындары мен қаланың мәдени ошақтарын көрсетті. Өз университеттерінің намысын қорғап келген командалар екі күн қатарынан бес түрлі сайыс бойынша сынға түсті: өз өңірлері жайлы бейнеролик, тест, эссе, жедел ақпарат, Ертіс жайлы бейнеролик.
Олимпиада нәтижесі бойынша, 17 команданың арасынан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері үздік шығып, бас жүлдеге ие болды. Ал бірінші орын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің командасына бұйырды. Екінші орынға Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жайғасты. Үшінші орынға Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Сүлеймен Демирель атындағы университет, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ілікті.
– Павлодарлықтар олимпиада қатысушыларын жақсы қарсы алды. Бәсекелестік өте жоғары болды. Алғашқы кезеңде ең жоғары ұпай алып, кейінгі екі кезеңнің ұпай сандарын өкінішке орай біле алмадық. "Жедел ақпарат" сайысында біз бұқаралық ақпарат құралдарына ең көп материал салдық. Бесінші кезеңде де, біздің бейнеролик көпшіліктен ерекшеленді. "Бұйырған кетпес, қуған жетпес" деген сөз бар ғой деп екінші орынға қанағат қылдық, - дейді ХАТУ командасының капитаны Бейбарыс Бақтаев.
ЖОО арасындағы пәндік олимпиаданың ережесі бойынша, байқауды жеңіп алған университет келесі жылы бұл сайысты өз өңірлерінде ұйымдастырады. 2018 жылы бұл олимпиада Е.Бөкетов атындағы ҚМУ-дың ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында өткен еді. Сол байқауда павлодарлықтар жеңіс тұғырынан көрінгендіктен олимпиада осы жылы Кереку жерінде жалғасты. Аңғарғаныңыздай, ЖОО арасындағы журналистика мамандығы бойынша ХІІ Республикалық олимпиада 2020 жылы Атырауда өтеді.
А. Қажиев