Азаматтарға қай әл-ауқат санатына жатқызылғаны туралы push хабарлама жіберіледі. Деректі талдау жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Серік Жұманғариннің айтуынша, отбасыны белгілі бір санатқа жатқызу оның материалдық жағдайына байланысты және ол уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Сондықтан статистиканы алдын ала айту мүмкін емес.
"Қате кетпеуі керек. Одан да азаматтарымыздың пайдасына қателескеніміз артық. Бұл жерде үнемдеу туралы сөз болып отырған жоқ", - деді ол.
Шенеуніктің сөзінше, бағалау үшін 30-ға жуық цифрлық жүйе пайдаланылады. Деректі апта сайын талдау, ал қорытынды бағаны ай сайын шығару жоспарланып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы барлық 20 өңірді аралап, халыққа жүйе қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге тиіс.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова