Елімізде желтоқсаншылар құқығы қалай қорғалып жатыр? Осы тақырыпта 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Бейсенғазы Сәдуұлымен Massaget.kz тілшісі хабарласып, сұхбаттасты.
Оның айтуынша, 17 желтоқсанда қырсылық күшейе басталған.
"Желтоқсан оқиғасына қатысқанда 2-курста оқып жатқан едім. 27 жаста болдым. Үйленіп, бір қызым бар еді. Пәтерде тұратынмын. Түнде жұмыс жасаймын, күндіз сабаққа, одан әрі жатақханаға групппаластарымнан лекция жазуға баратынмын. 17 желтоқсанда сағат 07:30, сабаққа барайық деп жатқанда жатақханадағы жігіттер "Алаңда митинг болайын деп жатыр, Қонаевты алып тастапты" деген сөздер бірден тарап кетті. Сабаққа дейін барып қайтайық деп, екі-үш жігіт болып алаңға жеттік. Келсек алаңда жиырма шақты жігіттер мен қыздар тұр. Өткен жиылымда Қонаев атамызды 18 минут аралығында орнынан алып тастапты, қазақ жетпегендей орнына Ульяновск қаласынан Колбин деген орысты қойыпты" деген сөздер айтылып жатты. Біз көп тұрмай институтқа барсақ, жігіттерді жинауға тырыстық. Сабаққа келсек, топ старостасы Рашид деген жігіт: "сендер қайда жүрсіңдер, куратор жоқ балалардың тізімін деканға тапсырып, "сендермен басқаша сөйлесеміз" деп бізге ескерту жасады. Не істейтінімізді білмей тұрып қалдық. Намысымыз жібермеді, жігіттердің біршамасын алаңға алып келдік. Келсек, жастар жиналып қалған. Түске қарай арамызда үлкен жасқа келген кісілер біздің тарқауымызды сұрады. Орнымызда тұрып, "Елім-ай", "Менің Қазақстаным" әндерін шырқадық. Жастардың саны 1,5 мыңнан аспаса кем болмады. Соның ішінде Нұртай Сабильяновты кездестірдім. Нұртаймен сол жылы жазда танысқанбыз. Нұртай мегафон алып келіпті. Сонымен қолы жеткендер сөйлеп жатты. Нұртайдың сөйлеп тұрғанын көріп, жанына келіп бейбіт шерулерді жалғастыратынымызға келісіп, жастарды бөліп алып, Желтоқсан көшесімен Абай даңғылына түсіп, Абай Даңғылымен Достық көшесіне дейін жеттік", - деді ол.
Достық көшесімен төмен қарай түскен олар Абай атындағы педагогикалық институтқа жеткен.
"Корпусына кіре алмадық. Алдымыздан күшті қарсылыққа тап болдық. Қарсылық көрсеткендердің бәрі мұғалімдер. "Есікті сындырыңдар" деп жастар айқайлап жатты. Содан кейін Гоголь көшесіне түсіп, Сейфуллин көшесімен қиылысқан жеріндегі Қыздар институтына жеткенде алдымызға сыртында "ГАИ инспекциясы" деген жазуы бар жигули автомашинасы тоқтады. Ішінен Н. Назарбаев шығып, "бауырларым, қайтыңдар, босқа мерт боласыңдар" деді. Ол кісіні онша танымайтынмын, жолдан былай тұруын талап еттім де, "ағаларымыз сіздер қолдамайсыздар, сіздерге тек қана портфель керек" деп алға жүріп кеттік. Сол кезде Қыздар институтының қыздары корпус терезелерінен қарап тұрғанын көріп, сыртқа шығуына белгі бердік. Өзіміз жатақханасына қарай бет алдық. Есіктерін сындырып, қыздарды шығарып алдық. Желтоқсан көшесімен көтеріліп, алаңға жеттік. Келсек, жастар жиналып қалған. Түнгі 1-2-нің шамасы болды. Жастар тарқай бастады ма, анығын білмеймін. Тұрып жатқан пәтеріме қайттым. Көргенімнің бәрін әйеліме айтып бердім. Ол кезде оның аяғы ауыр еді, уақыты келген", - деді ол.
"Қатты соққы алдым"
Ертесіне қайтадан алаңға келген ол әскерилердің қоршап алғанын көреді.
"Таңғы 8-де қайта алаңға келсем, жігіттер жиналып қалыпты. Тағы да кезек-кезек трибунаға шығып сөйледік. Жігіттермен келісіп, лозунгтар, Лениннің портреттерін алып шықтық. Бейбітшілік демонстрация Фурманов даңғылымен төмен түсіп, Жібек жолы көшесімен Заңғар дүкенінің алдымен өтіп бара жатты. Наурызбай батыр көшесіне жете бергенде, алдымыздан бір топ қызыл байлағандар шықты. Қолдарында газетке оралған темірден қиылған арматуралар. Қасымызға келіп, "қайда барасыңдар" дегендей болды да, сөзге келместен арамыздан қара торы, шашы бұйра жігітті киімінен ұстап, орталарына қарай сүйрей жөнелді. Құтқарамыз деген біздер араша түстік. Күткендері сол болды ма, бізді төмпештей жөнелді. "Қашпаңдар" деп айтып үлгерген жоқпыз, көбі арамызда жас балалар болатын, жүгіре жөнелді. Артқа қарай бергенімде, артымнан бірдеңемен ұрған кезде шалына барып, арыққа түсе омақаса құладым. Тұра сала қарасам, жастарды қуалап кеткен. Алдымда тұрған қаңылтырмен қапталған темір қақпадан қалай секіргенімді білмедім. Түсе салысымен, жатақханама бет алдым. Сондағы біраз жігіттермен қайта алаңға келдім. Алаңда толған жастар санын білмедім, көп екен", - деді ол.
Олардың көзінше әскерилер екі қызды ұрып құлатқан.
"Кешкісін әскерлерді жеткізе бастады, қолдарында щит, дубинка, сапердің күректері иттерімен трибунаның жанын қоршап алған. Кеш қарайып, қараңғы түскен. Әскерилермен тіресіп тұрғанда, әскерилер тап беріп төбелес басталып кетті. Көзімізше екі қызымызды ұрып құлатты. Менімен бірге екі-үш жігіт құлаған қыздарды көтеріп алып, "өлтірді" деп айқайлап, әскерилерге қарай жүрдік. Бізге қарай жүгірген жастардың біреуі мені қағып өтті. Құлаған кезде қолымыздағы қызымыздың жансыз жатқанын көріп, қызды алаңның шетіне шығарып, қазіргі тұрған монументтің артына жатқыздым. Ашынған біз, қолымызға түскен нәрсемен төбелеске кірісіп кеттік. Бірде қашып, бірде қарсы жүргенде Фурманов көшесі жағынан өрт сөндіретін машина шығып, су шаша бастады. Суға малынған біз үлкен қабатты үйдің астындағы мрамор тастарды алып, жерге шағып, өрт сөндіргіш машинаға лақтыра бастадық. Терезесін шағып, машина тоқтады. Бір қарасам, алаңның оң жағында уазик машинасы өртеніп жатты. Суға малынған сыртқы киімім ауырлап, мұздап қалды. Қолыма шетте жатқан бұтаның сынығын алып, ортаға кіре беруім сол еді, артымнан қатты соққы алып, бұта бір жаққа, өзім бір жаққа ұшып кеттім. Есімді жинап тұрсам, мұздап тоңған сияқтымын. Үйге барып киімімді ауыстырып келейін деп, Байсейітова көшесімен төмен түсіп, Абай даңғылына келіп жеттім. Волга автомашинасы тоқтай қалып, мені апарып тастауға келісіп, алаңда не болып жатқанын сұрап, мені тегін жеткізді. Ертесі айы-күні жеткесін жұбайымды досымның үйіне апарып тастам, алаңға келдім. Алаң төрт қоршаумен құралған, ешкімді өткізбейді. Түстен соң үйге қайтып кеттім де, жұбайымды ертіп ауылға жолға шығып кеттік. Кейін бір аптадан соң оқуға келдім. Ешқандай қудалау болмады, оқудан шықпадым. Кейіннен институтқа әкелген фотоальбомның ішінде болыппын, жігіттердің көрсетпегендерін естідім",- деді ол.
Бейсенғазы Сәдуұлы желтоқсаншылардың құқығы қорғалмай жатқаны үшін жаны ауыратынын айтты.
"1986 жылдан кейін 1990 жылы Әзербайжан халқы Таулы-Қарабақты құтқару үшін көтеріліске шықты. Осы көтерілісте 280 адам атылған екен. Соны білу үшін Баку қаласына 2021 жылы барып қайттым. Қатысқан азаматтар, Әзірбайжанның депутаттарымен кезіктім. Қайтыс болған азаматтарға қалай құрмет көрсетілгенін білгім келді. "1986 жылдан бері біз тарихи бағасын ала алмай келе жатырмыз, бүгінге дейін статус берілген жоқ, өз көтерілістеріңізге қандай заң қабылдадыңыздар" деп сұрадым. Сөйтсем, олардың тұңғыш президенті Гейдар Алиев қатысқандарға "Тәуелсіздік күрескерлері" деген атақ берген. Олар ешкімді бөліп-жармайды екен. Бәріне мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Гейдар Алиев өмірден өткенше қатысқан азаматтарды жыл сайын Тәуелсіздік күніне қарсы өзі қабылдаған екен. Сол ұйымның жетекшісі Сұлтан Задамен кездесіп, осыны білдім. Соны Алматыда жасағым келеді. Желтоқсан көтерілісіне неге біз сондай құрмет көрсетпейміз? Бұл туралы бәріне де айттым. Әлі қаралмай жатыр",- деді ол.
Оның айтуынша, желтоқсаншы болса да ақталмай жүргендер саны көп.
"Бізді оның үстіне ақталған және ақталмаған деп екіге бөледі. Сол үшін мен ақталу қағазынан бас тарттым. Себебі жаным ауырды. Жыл сайын берілетін көмекті алғым келмеді. Ал ақталу үшін сол кездегі қамалған не ауруханадағы, оқудан шыққан анықтаманы апарып, тапсыру керек. Ал қазір сол қағазды бәрі сатып алып жатыр. Деректерге сүйенсек, республика бойынша Желтоқсан көтерілісіне 70 мың адам қатысқан. Ал қазір соның 500-ден астамы ақталған. Қазір оның саны көбейді. Себебі сатып алып жатқандар көп", - деді Бейсенғазы Нүкен.
"Ақталу қағазынан бас тарттым"
Сондай-ақ, ол ақжолтай жаңалықпен де бөлісті.
"Жалпы желтоқсаншыларды іздестіру-ақтау шараларын өзімнің әлім келгенше жалғастыра беремін. Жақында ШҚО, Аягөз ауданынан Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қайтыс болған азаматты анықтадық. Өзі Аягөздің жігіті екен, 5-мектепте оқыған. Бүгінге дейін белгісіз болған. Аты-жөні - Фазыл Садыков. Құжаттарын тауып, жинадық. Мұндай тұлғалар көп. Біз батырларымызға өз деңгейінде құрмет көрсетуіміз керек", - деді ол.
Бейсенғазы Нүкен өзіне берілген ақталу қағазынан бас тартқанын айтты.
"Желтоқсаншы деп атау үшін бәріне ақтау қағазы беріледі. Маған ақтау қағазы берілді, бірақ бас тарттым. Ақталу қағазың жоқ болса, желтоқсаншы емессің. Мысалы, мен бас тарттым ғой, қазір желтоқсаншы емеспін. Желтоқсан көтерілісінде көп құпия бар",- деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Қайыр тілеген ана, желтоқсан құрбаны, түрмеден шыққан жан. Атышулы базардың айналасындағы қоңырқай тірлік" туралы жарияланған болатын
Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 14 күні дүниеге келген адамдар қандай болады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!