Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатында тірідей өртеніп кеткен сегіз адамның сүйегі жақындарына берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"14 зерттеу санын алып келді. Малекулярлы-генетикалық сараптама жасау өте қиын. Туыстық қатынасын анықтау.Бірақ біз мереке күндеріне қарамастан, бұл жағдайды түсініп тұрмыз. Ертерек анықтап, ертерек зерттеуді анықтау мақсатында үш күн бойы біздің сарапшылар жұмыс істеді", - деді Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығының директоры Сапарғали Рахманов.
Бұған дейін Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылының тұрғындары 6 наурызда болған жантүршігерлік апат кезінде қаза тапқан туыстарының денесін алты күннен бері ала алмай жүргенін жазған едік. Сол кезде Ақтөбе-Астрахань тас жолында такси салонында сегіз адам өртеніп кеткен еді. Олардың төртеуі – бала, ең кішісі небәрі бес жаста. Бір аптаға жуық уақыт өтсе де, туыстары жақындарын жерлей алмай жатыр.
"Алтыншы күн болды, мәйіттерді ала алмай жатырмыз. Бүкіл ауыл күтіп отыр. Астанадан сот-медициналық сарапшының келгенін күтіп отырмыз дейді. Бүкіл елде мәйіттерді анықтайтын бір ғана сарапшы бар ма, немене?! Қаншама адам күтіп отыр. Менің 70 жастағы анам күтіп отыр, баласынан айырылған ана күтіп отыр. Олардың жүзін көрмесек те, тым мәйітін алып, жерлесек дейміз", - деді қаза тапқандардың туысы Әсел Әділова.
Полиция департаменті қаза тапқандардың денесі қатты күйіп кеткен, сондықтан марқұмдардың жеке басын анықтау қиынға соғып жатқанын хабарлады.
Еске салайық, 6 наурызда таңертең Ақтөбе-Астрахань тасжолында екі көлік соқтығысты. Қайғылы оқиға кезінде төрт бала мен төрт ересек адам қайтыс болды.
"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ-ның алдын ала ақпараты бойынша өртенген "Лада Ларгус" автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, соның салдарынан көлік өртенді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!