Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан қазақстандықтарды туыстары бір аптадан бері жерлей алмай жүр

Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан қазақстандықтарды туыстары бір аптадан бері жерлей алмай жүр
Фото: әлеуметтік желі

Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатында қаза тапқандарды алтыншы күн бойы жерлей алмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылының тұрғындары 6 наурызда болған жантүршігерлік апат кезінде қаза тапқан туыстарының денесі неге әлі күнге дейін берілмей жатқанын түсіндіруді талап етіп жатыр. Сол кезде Ақтөбе-Астрахань тас жолында такси салонында сегіз адам өртеніп кеткен еді. Олардың төртеуі – бала, ең кішісі небәрі бес жаста. Бір аптаға жуық уақыт өтсе де, туыстары жақындарын жерлей алмай жатыр.

"Алтыншы күн болды, мәйіттерді ала алмай жатырмыз. Бүкіл ауыл күтіп отыр. Астанадан сот-медициналық сарапшының келгенін күтіп отырмыз дейді. Бүкіл елде мәйіттерді анықтайтын бір ғана сарапшы бар ма, немене?! Қаншама адам күтіп отыр. Менің 70 жастағы анам күтіп отыр, баласынан айырылған ана күтіп отыр. Олардың жүзін көрмесек те, тым мәйітін алып, жерлесек дейміз", - деді қаза тапқандардың туысы Әсел Әділова.

Фото: әлеуметтік желі

Полиция департаменті қаза тапқандардың денесі қатты күйіп кеткен, сондықтан марқұмдардың жеке басын анықтау қиынға соғып жатқанын хабарлады.

"ДНҚ сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз. Онсыз мәйіттерді анықтау мүмкін емес. Ертең таңертең сараптама дайын болуы керек. Түстен кейін марқұмдардың мәйіті туыстарына беріледі деп үміттеніп отырмыз", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салайық, 6 наурызда таңертең Ақтөбе-Астрахань тасжолында екі көлік соқтығысқанын хабарлаған едік. Қайғылы оқиға кезінде төрт бала мен төрт ересек адам қайтыс болды. 

"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ-ның алдын ала ақпараты бойынша өртенген "Лада Ларгус" автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, соның салдарынан көлік өртенді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан